Бүгінде заманауи әрі қазақи нақыштағы дүниелерді насихаттау үшін аянбай еңбек етіп жүрген қолөнершілер қатары артып келеді. Олардың басты мақсаты - ұлт құндылықтарын қастерлеп, дамыту. Халықтың айырықша өнеріне деген сұранысты арттыру.
Лаура Қуанышқызы:
- Салтанат Өмірәліқызының қолөнермен айналысып келе жатқанына 10 жылдан астам уақыт өткен. Ол қолөнердің ішінде қазақи бұйымдарды өзінше өрнектеп, жаңашалап шығарғанды жақсы көреді. Қазір оның шеберханасында 5000-нан астам түрлі бұйым бар. Оның ішінде ерекше заттар да бар. Мәселен, мына ағаштан жасалған қазақ даласында 200 жыл бұрын қолданылған шелек.
Он саусағы майысқан шебердің бұл сүйікті ісі. Ол бір тәуліктің он сегіз сағатын жанына рахат сыйлайтын машақатқа арнайды. Себебі, бұл бұйымдарға салынған әр оюда қазақтың тынысы бар деп санайды.
Салтанат Өмірәлі,қолөнер шебері:
- Халқыма бір пайдам тиетін кәсіпті көздедім. Көп зерттеулер жасап, қазақ ұлтына қандай пайдамыз тиеді деген ұлы мақсатпен осы қолөнер саласына қызығушылықпен келдім.
Бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырса да, Салтанат Өмірәліқызы халқының аты мен затын өшірмейтін мәңгі ізі болып қалатын бұйымдарға ерекше жанашырлықпен қарайды. Оның бар арман-мақсаты - теңдессіз әрі айрықша, құнды қазақи бұйымдарды шетелдіктерге етене таныстыру. Ол осы мақсатта түрлі көрмелер де ұйымдастырып жүр.
Салтанат Өмірәлі,қолөнер шебері:
- Менің арманым - кәсібім арқылы қазақ ұлтына үлкен еңбектер жасау. Бойымдағы күшті сарқа жұмсай отырып, өз еліме қызмет ету.
Ұлтты сүю оның өнерін сүюден басталады. Бұл атаулы мерекелерде ғана емес, күн сайын ұлттық киімді үстінен тастамайтын Фарида Мерхамитқызының қағидасы. Шебер жиырма жыл бойы қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап, оны дамытуға үлес қосып келеді.
Фарида Мерхамитқызы, шебер:
- Қолымыздан шыққан әрбір киімді қыздарымыздың, азаматтарымыздың үстінен көргенде сондай рахаттанамын. Өйткені, ол қазақтың рухын көтеретін ұлттық нақышы бар киім.
Ұлттық өнерді жаңғыртып, оған заманауи сипат беріп жүрген қос шебер де өз істерінің мамандары. «Сан ғасырдан бері атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық болмысымыздың тінін үзіп алмай, ұрпаққа жеткізу - біздің арманымыз», - дейді олар.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ