Халықаралық отбасы күніне орай Көкшетауда «Отбасы ағашы» облыстық акциясы өтті.
Оған көпбалалы отбасылар, облыстық аналар кеңесі, әкелер одағы, «Мерейлі отбасы» байқауының былтырғы жеңімпаздары қатысып, Бәйтерек саябағында 100 түп шырша ағашы отырғызылды. Сондай-ақ жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Менің жанұям» байқауы өтті. Осы күні сондай-ақ «Мерейлі отбасы-2025» байқауына өтінімдерді қабылдау басталды.
Сәрсенбай Хасенов, көпбалалы әке:
Қазақта сөз бар ғой, тамырын тереңге жайған ағаштай деген сол ағашпен, табиғатпен байланысты болсын және бүгін өзімнің бала-шағам осында келіп көрсін, табиғатты қадірлесін, елді, жерді қадірлесін деген мақсатпен әкеліп тұрмыз және де әкеден не көрсе, болашақта соны іледі ғой балалар, сондықтан үлгі болып арнайы келіп тұрған жағдайымыз бар.
Ал Петропавлда 60 отбасы мәдениет және демалыс саябағында 60 көшет отырғызды.
«Отбасы күніне» орай ұйымдастырылған шараға 200-ден астам адам қатысты. Шие, терек, қарағай және алма ағаштары егілді. Шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, отбасылық құндылықтарды дәріптеу дейді ұйымдастырушылар.
Гүлден Бәуенова, қала тұрғыны:
Отбасымызбен осы жерге келіп, шие ағашын отрығызып жатырмыз. Қазақстанның гүлденуіне бір себебімізді тигізейік деп. Үлкен, жақсы көшетті әкеп отырғызып жатырмыз. Енді бір-екі жылда жемісін береді деген ойдамыз. Келіп, әрқашан қадағалап отырамыз.
Бибінұр Әмірханқызы
Эльмира Кәленова
