Ақмола облысында жілік сындырудан чемпионат өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында жілік сындырудан чемпионат өтті

13.05.2025

Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Бірлестік ауылында Жілік сындырудан чемпионат өтті. Сөйтіп, көне дәстүрді жаңғыртқан додаға білегі мықты деген 60-қа жуық азамат қатысып, бақ сынады.

Көкше өңірінің тойлары дәстүрлі жілік сындырусыз өтпейді. Жілікті жылқы етін асқан кезде арнайы тазалап, тойға деп сақтап та қояды. Мәселен, бүгінгі турнирге деп ауыл ішінен 12 жілік жиналған.

Елшібек Ысқақов, ауыл тұрғыны:

Санның жілігін абсалюткаға қойып отырмыз. Оған елімізде қой тігіп отыр жігіттер. Қалғандарына ақшалай сыйлық болады.

Бақ сынауға 60 азамат қатысып, олар ересектер, орта буын және жастар деп үш топқа бөлінді. Сөйтіп жарысқа 18-гі жігіттен бастап 80-нен асқан қарияға дейін қатысты.

Сапарбай Жүкенұлы, ауыл тұрғыны:

Мен 1942 жылы туғам. 83-темін. Мына жілік сындыру біздің бала кезімізден басталған. Одан бұрын да болған шығар. Ол уақытта қолды кебекке сүртіп алып, орамал орап сонымен соққызатын. Қазір жаңа заман, жалаңаш қолға ұрып жатырмыз. Жігіттерге мотивация беріп, жастармен бірге мен де соғып жатырмын.

Жілік сындырудан чемпионат Ақмола өңірінің ауылдарында енді жыл сайын ұйымдастырылмақ. Мәселен, Бірлестік ауылының азаматтары бұл ойынды көршілес аудан мен ауылдарға челлендж ретінде жолдады.

Бибінұр Әмірханқызы


Хабарламаларға жазылу