Жыл соңына дейін Жетісу облысында газдандыру деңгейі 71%-дан асады. Облыс құрылғанға дейін өңірде тек 5 елдімекен көгілдір отынға қосылған еді. Бүгінде олардың саны 80-нен асты. Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан ауқымды жоба жайлы өңірдегі тілшіміз Дамир Нұрмұхамет айтады.
Өркениет игілігіне қолы жетіп қуанып жүргендердің бірі – Оразгүл Тұрсынбаева. Оның Жетісу ауылына келін болып түскеніне биыл 44 жыл. Тонналап көмір түсіріп, қалақтап күл шығарған кездерін машақаты көп жылдар еді, деп есіне алады. Қазір көгілдір отын қосылып, тұрмысымыз жайлана бастады, дейді.
Оразгүл Тұрсынбаева, Жетісу ауылының тұрғыны:
Жергілікті халықтарға өзінің жеңілдігін беріп жатыр. Қазір үйіміз – өте жылы. Көмірді күні-түні салып тұрасың ғой, ал газ өзі қосылып тұр. Қажетіңе қарай көбейтесің, азайтасың.
Президент тапсырмасына сәйкес Жетісу облысында 126 елдімекен газдандырылуы тиіс. Былтыр оның тең жартысы көгілдір отынға қосылды. Қалған 63 елдімекенге газ жеткізу үшін 22 млрд теңге республикалық бюджеттен қарастырылған. Сондай-ақ «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы да күзге дейін аяқталады, дейді жауаптылар.
Айдос Бекетаев, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
Панфилов ауданынан бастап, Кербұлақ ауданы, Талдықорғанға дейінгі аумақты 2025 жылдың соңына дейін бітіріуіміз керек. Екінші кезеңде Талдықорғаннан Үшаралға дейін 302 елдімекенге магистралды газ құбыры жүргізілуі керек болған. Оның трубасы салынды. Енді 6 агрес қоюмыз керек.
Жоба күзге дейін іске асса, Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандары газбен қамтылады. Ал 2028 жылға қарай Жетісу облысында 192 елдімекен өркениет игілігіне қол жеткізеді. Алдағы уақытта өңір халқының басым бөлігі көгілдір отынның қызығын көрмек.
Дамир Нұрмұхамет
