Басты Жаңалықтар Мектеп оқушысы министрлікпен меморандум жасады

Мектеп оқушысы министрлікпен меморандум жасады

Алматыдағы №79 гимназияның оқушысы Дана Қадырбек министрмен кездесіп, меморандумға қол қойды. Заманауи наноматериалдар негізінде атмосферадан су жинайтын тың құрылғы ойлап тапқан жас өнертапқыш – жауапты органмен ресми келісімшарт жасаған алғашқы мектеп оқушысы.

Дана Қадырбек ауадан су жинайтын смарт құрылғы жасап шықты. Электр қуатынсыз жұмыс істейтін бұл қондырғы ауадағы ылғалды тиімді сіңіріп, оны суға айналдырады. Жас өнертапқыштың ғылыми жобасы Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық байқауда 2000-нан астам жұмыс арасынан үздік атанып, 1-орынға ие болды. Озық ойы мен жаңашыл жобасы арқасында Дана, сала министрлігінің де назарына ілікті.

Дана Қадырбек, №79 гимназияның оқушысы:

Елімізде жаңа, заманауи технология қарыштап дамып жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігімен меморандумға отыру мені жігерлендіріп, ерекше қуантты. Министрдің тапсырмасымен енді құрылғыны далалық жағдайда сынап көріп, жобаны пилоттық режимде іске асыра аламыз.

Дана Қадырбек бұл жобаны жүзеге асыру үшін екі жылдан астам уақыт ізденген. Кездесуде тараптар құрылғының жұмысын бірлесе талдауды, ақпарат пен деректер алмасуды, сондай-ақ технологияны кеңінен қолдану мүмкіндігін зерттеуді қамтитын құжатқа қол қойды. Осы ретте жетекшісі Әлия Серікбаева, талантты оқушымның жетістіктері мұнымен шектелмейді дейді.

Әлия Серікбаева, №79 гимназияның физика пәнінің мұғалімі:

Бұл жобаның өзінің идеясын алып келген Дананың өзі. Дана 8-сынып соңынан 9-сынып басынан бастап осы жобаға көп уақыт бөле бастады. Су мәселесі жер дүниесі бойынша бірінші орында талқыланып жатыр.  Ой қабілетінің бәрі ерекше басқа балаларға қарағанда. Бұл бірінші қолжетімді жобасы, әрі қарай үлкен жобаларда Дананы естіп, Дананы көріп қуанып отырамыз.

Дананың жетістіктерінің бірі – ғарыштық технологиялар саласындағы жаңашыл жобалары. Дарынды оқушы халықаралық конкурстарға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орын иеленіп, зерттеушілік қабілетін одан әрі шыңдай түскен. Ал болашақта Дана Назарбаев университетінде білім алып, ғылым әлеміне терең бойлауды мақсат етеді.


Бөлісу