Басты Жаңалықтар Әлеуметтік желідегі контент таңбалануы мүмкін

Әлеуметтік желідегі контент таңбалануы мүмкін

Бүгінде әлеуметтік желілерде кісінің абыройына нұқсан келтіретін видеолар жиі жарияланып жүр. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігі арнайы таңбалау жұмысын қолға алды. Басты мақсат - жалған ақпараттың таралуына жол бермеу.

Желіге кіре қалсаңыз ақыл айтып, жөн сілтеуге әуес түрлі коуч, балгер, псевдопсихологтарды көресіз. Сөзсіз бұл құбылыстың қоғамға пайдасынан гөрі зияны көп. Көпшілік осындай арнайы білімі де, тиісті дайындығы да жоқ адамдардың арбауына түсіп қалып жатыр, - дейді сарапшылар. Сол үшін әлеуметтік желідегі жазбалар мен түрлі роликтер таңбаланбақ. Ұсыныс жуық арада Мәжілісте қаралмақ.
Сондай-ақ ведомвтво тарифтерді қайта қарап, музейлерге кіру ақысын көтеріп отыр. Нақтырақ айтсақ, билет бағасы музейлердің мәртебесіне қарай сараланбақ. Мәселен турист нөпірі көп «Әзірет Сұлтанға» кіру құны 1000 теңге көлемінде бекітілген. Ал «Берел» музей-қорығының билеті екі есе арзан. Әрі оқушылар үшін тариф әлдеқайда төмен екенін де айта кеткеніміз жөн. Бірақ экскурсиялық қызметті пайдалануға ниетті кісі көбірек төлеуге әзір болғаны абзал. Өйткені ақы 2000 теңге мен 5000 теңге аралығында белгіленген.
Айта кетейік, келушілерден түскен қаражат қызметкерлерге сыйақы беруге және музейлердің инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалады.
Мемлекеттік архивтер заңнамаға сай бірқатар ақылы қызмет көрсетеді. Түскен қаражат толықтай архивтердің өзінде қалады және олардың дамуына бағытталады. Атап айтқанда, түскен ақша материалдық-техникалық базаны нығайтуға, тармақтық мамандардың еңбекақысын төлеуге, шаруашылық қажеттіліктерін өтеуге, архив материалдарын сатып алуға және өзге де салалық міндеттерді іске асыруға жұмсалады. Бұл архивтердің инфрақұрылымын дамытып, қызмет көрсету сапасын арттырмақ. Архив ісі саласында тиісті өзгерістер енгізу туралы заң жобасы аясында мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебе беру көзделген. Бұл архив қызметкерлерінің жалақысын 1,75 коеффициентке өсіруге мүмкіндік беретінін және ауылдық жерде жұмыс істейтін мамандарға 25 пайыздық қосымша төлем бекітілгенін де айта кеткен жөн.
Мемлекет басшысының азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру жөнінде тапсырмасына сай Мәдениет және ақпарат министрлігі тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінде кітапхана қызметкерлерінің еңбекақысы 2022 жылмен салыстырағанда екі есе артты. Қазір мемлекеттік кітапханаларда, жеткілікті еңбек өтілі болған жағдайда, орташа жалақы айына 180 – 260 мың теңге мөлшерінде. Жалақының кең ауқымда өзгеруінің негізгі себептері кітапханалардың әртүрлілігіне, деңгейіне, қызметкердің біліміне, санатына, еңбек өтіліне және лауазымына тікелей байланысты. Ел бойынша орташа жалақы әр алуандығы төмен жалақысы бар көптеген кітапханалардың бар екенін көрсетіп отыр. Ал «Ұлттық» статусы бар кітапханада жұмыс істейтін мамандар жалақысы орта есеппен айына 300-430 мың теңге мөлшерінде. Сонымен қатар ауылдық жерлерде, экологиялық апат аймақтарында және радиациялық тәуекел аумақтарында еңбек ететін мамандарға қосымша төлемдер беріледі.


Бөлісу