Елімізде әскери-патриоттық клубтардың саны көбейіп келеді. Мәселен, Ақмола облысы бойынша жасөспірімдерді алғашқы әскери дайындықтан өткізіп, шыңдап шымыр болуға дайындайтын 300-ге жуық ұйым бар. Олардың жұмысы туралы әріптесіміз Бибінұр Әмірханқызы айтып береді.
Көкшетаудағы жоғары педагогикалық колледж жанынан құрылған «Айбын» әскери-патриоттық клубына спортта ғана емес, оқуда озат студенттер қабылданады. Қазір клуб құрамында 25 студент бар. Олар күнделікті жаттығулар арқылы шынығып, әскери дағдыларды меңгеріп жүр. Бұл ұйымға мүше болуға қыздардың да қызығушылығы зор.
Ақгүлім Сәлімкерей, «Айбын» әскери-патриоттық клубының мүшесі
Мен әскери киімдерге қызықтым, осы жаттығулар жасап жатқандарға және біздің әпкелеріміз бар Мәншүк, Әлия, Томирис деген соларға ұқсағым келді. Мен осы әскери киімді киген кезде өзімді батыр сезінемін. + Себебі, әйел адам тек қана нәзік емес, ол күшті де, ол бір қолымен бесік, бір қолымен елді тербеткен болу керек деп есептеймін.
Жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелеу практикалық жаттығулармен қатар түрлі тактикалық және интеллектуалдық тапсырмаларды орындату арқылы жүзеге асырылады. Нәтиже жоқ емес. «Айбын» әскери-патриоттық клубы бірнеше мәрте облыстық, республикалық жарыстарда топ жарды. Өткен жылы Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған халықаралық жиында жүлделі 1-орынға ие болды.
Ербатыр Ерболатұлы, «Айбын» әскери-патриоттық клубының бөлімше командирі
Клубта мен ең алдымен өзімді жақсы физикалық формада ұстауға үйрендім, клуб тәрбиеленушілері автомат бұзып-жинау, винтовкалардан ату, яғни ертең әскерге барған кезде дайын болғандай.
Жасөспірімдерді алғашқы әскери дайындықтан өткізу мақсатында құрылған клубтардың материалдық базасын нығайту күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Соңғы жылдары оқу орындары өз күшімен арнайы кабинеттерді жабдықтауға үлкен көңіл бөліп келеді.
Ербол Сейітқасымов, жоғары техникалық колледжінің оқытушысы
Материалдық базамыз қазір күшейіп, алқашқы әскери және технологиялық дайындыққа арналған әдейі биыл кабинет ашылу жоспарлануда. Оның ішінде спорттық тренажер бөлмесі болады.
Бүгінде Ақмола облысындағы әскери-патриоттық клубтарда бес мыңнан аса жасөспірім отансүйгіштік қасиетті бойына сіңіріп жүр. Ұйымдардың саны да жылдан-жылға артып келеді.
Бибінұр Әмірханқызы
