Алғыс айту күні қарсаңында Астана мен Алматы қалаларында Қазақстан киноларының апталығы басталды. Бір мезгілде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Аманат» фильмі, ал, Лев Гумилев атындағы жоғарғы оқу орнында «Туған жер» телехикаясының бірінші бөлімі көрсетілді. «Туған жер» туындысында көпұлтты халықтың бір қолдың саласындай, бір ананың баласындай ынтымағы шебер суреттелген», - дейді көрермендер. Бұдан басқа, ақпанның 25-не дейін «Сталинге сыйлық», «Заман-ай», «Жерұйық», «Алжир», «Оралман» және «Жат» атты кино картиналарды қарауға мүмкіндік болады. Шараның өтуіне мұрындық болған Қазақстан халқы Ассамблеясы фильмдер оқу орындарының базасында өтетінін айтты.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 1-наурыз күні біздің елдегі этностардың барлығы ең алдымен қазақ халқына кең жүректілігі үшін, үлкен дархан көңілі үшін алғыс айтады. Бұл - тамаша мереке. Осындай мерекенің аясында кино апталықтың өткізілуі де өте орынды. Жалпы, Отанымыздағы достықты өнер тілімен насихаттау да өте орынды. Сондықтан, телеарнаға разылық білдіреміз.