ОҚО-да Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі өтуде

15.02.2018

«Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам». Бүгін осындай тақырыппен Оңтүстік Қазақстан облысында  Еліміздің тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі ашылды. Көрмеге Елбасы кітапханасынан мұрағат қорларынан алынған 800-ге тарта жәдігер қойылған. Сондай-ақ, Президенттің жеке заттары, марапаттары мен қолжазба, суреттері де әкелінген. Көшпелі көрме Мемлекет басшысының Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы шешуші рөлін жан-жақты көрсету мақсатында ұйымдастырылып  отыр.

Бұл еліміздің егемендігі туралы Жоғары Кеңестің қаулысы. Осыдан 28 жыл бұрын қабылданған құжат қаз-қалпында сақталған. Көрмеге осы секілді көптеген  тарихи маңызды құжаттар қойылып отыр. Жәдігерлер төрт бөлімге жинақталған. «Көшбасшы жолы» деп аталатын алғашқы бөлім Елбасының өмір жолына  арналған. Одан кейінгі «Көшбасшысы феномены» бөлімінде Президенттің саяси бейнесі, Семей ядролық полигонын жабу, Астананы ауыстыру секілді тарихи шешімдер арқылы суреттеледі. 

Махмұд Қасымбеков,  ҚР Президенті кеңсесінің басшысы, Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы:

 - Бұл көрменің аса бір құнды жәдігерлері Елбасымызға әр кезде өздерінің Жарлығымен берген шетел мемлекеттерінің 50-ден аса ең жоғары наградалары түпнұсқасы әкелінді.

Сондай-ақ, «Әлем таныған Көшбасшы» деп аталатын тағы бір бөлім еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктері, дипломатиялық қарым-қатынастарын қамтиды. Мұнда Елбасының қауіп-қатерден ада, еркін және бейбіт әлем қалыптастыру жолындағы еңбектері жайғастырылған.

Оңалбай Аяшев, ОҚМПУ ректоры, облыстың «Құрметті азаматы» :

- Бәрімізге Елбасының өмір жолымен танысу парыз, үлгі. Бұл әсіресе, жастар үшін  тәлім-тәрбие, мәдениеттендіру, білімін тереңдету үшін қазба байлық деп түсінеміз.

Ғалымжан Айнабеков, студент:

- Өзім елордадағы Елбасы кітапханасына барып көрген емеспін. Осы жерде 800 экспонат әкелінген екен. Солар жайлы мәліметтер біліп отырмыз. Біз үшін қуанарлық жағдай.

Көшпелі көрмені Оңтүстік жұртшылығы енді үш ай бойы тамашалай алады. Жоба аясында халықаралық ғылыми конференция, аймақтық кәсіби сессия, шолу және тақырыптық экскурсиялар өтеді. Ал, тап қазір облыс тұрғындары Президент оркестрінің өнерін тамашалауда. Жүз адамнан тұратын өнер ұжымы, қазақстандық және шетелдік композиторлардың  шығармаларын орындайды.   

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу