Әлемге танымал өнер ұжымы көпшілікке әуелі «Абай» ұлттық классикалық операсын ұсынды.
Қазақтың жолбасшысы - Абай. Сондықтан, ұлы ақынның мұра еткен тағылымын тыңдауға келген көпшілік сол кезеңдегі қазақ әйелдерінің еркіндікке деген ұмтылысын басты рөлдердің біріндегі Ажардың мұң-зарынан сезінді. Мұны опера примасы Майра Мұхамедқызы асқан шеберлікпен жеткізді.
Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:
- Ажар - қазақ қыздарының еркіндікке, махаббатқа деген талпынысының бір рөлі. «Абай» операсынан бүкіл қазақтың болмысын, дәстүрін, әрбір акттан сондай керемет өнерді көруге болады.
Жалпы, театрдың мақсаты - адамның санасына әсер етіп, тарихи оқиғаларды қайта тірілту арқылы адамға ой салу. Астаналық еңбек ұжымының өнерін ірі мегаполистің талғампаз көрермені ыстық ықыласпен қабылдады.
Абайдың қорғансыз қос ғашыққа пана болып, озбырлыққа қарсы тұруы оның өмірлік ұстанымын көрсетті. Ал, ақынның талантты шәкірті Айдарға жасалған қастандық, жамандық пен жақсылықтың қатар жүретінін меңзеді.
Есмұхан Обаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Қазақ өнерінің дүниеге танылып жатқаны - қазақтың өскені, өркендегені.
«Астана Опера» театрының Абай жолымен жалғасқан гастрольдік сапары 18- ақпанға дейін жалғасады. Өнер ұжымының бағдарламасында көрерменді ізгі ойға жетелейтін басқа да әлемдік ақыл-ой жауһарларының шығармалары бар.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ