Мұқағали Мақатаевтың 87 жылдығы туған ауылы Қарасазда аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұқағали Мақатаевтың 87 жылдығы туған ауылы Қарасазда аталып өтті

12.02.2018

9 ақпан - ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Қазақтың маңдайына біткен талантты тұлға тірі болса, 87 жасқа толар еді. Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып қайтарған ақиықтың торқалы тойы туған ауылы Қарасазда тойланды. Рухани кеште ақынның көзін көргендер естеліктерімен бөлісіп, өскелең ұрпақ өлеңдерін оқып, арнауларын айтты.

Мұқағали Мақатаев өзін ХХІ ғасыр ұрпағының құрдасымын деп болашағын болжап кетті. Расында да, ақынмен қазір өскелең ұрпақ сырласады. Өлеңін жатқа айтып қана қоймай, заманның ағымымен баршаға насихаттап келеді.

Қарасаз мектебінің 11-сынып оқушысы Жансая Жүкен ақын өлеңіне бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеп жүр. Өзі де жыр жазуға құмар дарынды қыз осылайша, Мұқағали шығармаларын бұқараға жеткізудің тың жолын пайдалануда.

Жансая Жүкен, оқушы:

 - Қазір біз рухани жаңғырудың бағытымен алға қарай жылжудамыз. Яғни, сол жаңғырудың жаңарудың, алдында біз Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін нақышына сай орындап келеміз. Бұл - біз үшін үлкен бақыт.

Ал, аға буын мұзбалақ ақынның шығармашылығы мен өмірін әлі де зерттеп келеді. Айтуларынша, Мұқағали Мақатаевтың көпшілік біле бермейтін қырлары әлі де көп. Кеш меймандары ақын музейіне түрлі тарту жасап, бірегей тұлғамен кездескен сәттегі естеліктермен бөлісті.

Айтақын Әбдіқал, ақын:

 - Мұқағали қазақтың тағдырын Абайдың көзімен қарап, Махамбеттің өткірлігімен айта алған ақын деп ойлаймын.

Ақынның мол мұрасы бүгінгі ұрпаққа да, кейінгі буынға да рухани азық. Жылсайынғы республика көлемінде өтетін «Мұқағали оқулары» жас таланттардың қанатын қатайтуда. Қарасаздықтар енді осы шараға дайындығын бастап кетті.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу