Қазақстан телеиндустриясында отандық сериалдар саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан телеиндустриясында отандық сериалдар саны артқан

24.01.2018

Соңғы жылдары Қазақстан телеиндустриясында отандық сериалдардың қатары көбейіп, деректі фильмдер мен ток-шоулардың саны артты. Осыған байланысты кеше өткен Үкімет отырысынан кейін журналистер қауымы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа өзіміздің телеөнімдеріміздің шығу барысы туралы сұрақ қойған еді. Өз кезегінде, министр тілшілердің сұрақтарына жауап ретінде баспасөз-конференциясын өткізіп, телеарналардағы отандық  телехикаялардың бүгіні мен болашағы туралы айтты.

Былтыр республикалық арналарда әр түрлі жанр мен тақырыпты қамтыған 40 сериал көрермен назарына ұсынылды. Олардың барлығы  - халықтың салт-дәстүрін, тарихы мен ұлт құндылықтарын насихаттайтын телеөнімдер. Бүгінде отандық телехикаяларды түсірумен тек мемлекеттік ғана емес, коммерциялық телеарналар да айналысып жүр. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың сөзінше, министрлік тапсырысымен түсірілген телеөнімдерде қоғамның әлеуметтік тұстары көрсетіліп, отбасылық құндылықтар, береке мен бірлік барынша насихатталады. Дәурен Абаев телехикаялардың рейтингі неге бірден көтерілмейтінін де айтып берді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Әрине, көрерменнің көзқарасы әр түрлі болады. Сондықтан, сериалдардың рейтингі бірден артып кетуі мүмкін емес деп ойлаймыз. Ең бастысы, осы жұмыстар шығармашылық топтардың кәсіби деңгейінің өсуіне ықпал етеді деп сенеміз. Құрметті көрермендердің, зиялы қауым ортасының пікірін біліп отырамыз. Экранды шетелдік сериалдар жаулап алды деп жатқандар да бар. Сондықтан, біз алдымызға ауқымды стратегиялық мақсат қойдық. Ол мақсат – сапалы телефильмдердің санын арттыру. Көрермен талғамына сай жақсы сериалдарды түсіру.

Қазақстан телерадио корпорациясының өзі 2009 жылдан бері 80-ге жуық сериал түсірді.  Корпорация алдағы наурыз айына да ауқымды жоба әзірлеп отыр. «Тар заман»  - 20 ғасырдың басындағы түрлі драмалық оқиғалар желісінде түсірілген тарихи телехикая. Оның түсірілімі барысында арнайы кеңесшілер тобы құрылып, 37 тарихи кейіпкердің рөлін актерлер шеберлікпен ойнап шыққан.

Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы:

- Отандық сериалдардың көрсеткіштері шетелдік сериалдардан бірнеше есе жоғары. Үлкен сұраныс бар, қызығушылық бар және де біздің мамандар жақсы өнімдерді шығарып келе жатыр. Ең басты мақсат – сериалдардың линейкасын кеңейту.

Отандық телехикаяларды шығару Қазақстанда жаңадан қалыптасып келе жатқан нарық. «Сондықтан, Мемлекет басшысы тапсырмасымен қолға алынған жаңа бағыт бүгінде мейлінше дамуда», дейді телевизия мамандары.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу