Әдебиет әлемінің әкімі кетті. Жыл басталғалы қабырғалы қаламгерлерінен айырылып, қара жамылған қалың қазақ тағы бір арысын жоғалтты. Белгілі жазушы, кәсіби драматург Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында фәниден бақиға бет түзеді. Ақ жүрді, ақ сөйледі, ақ өлім бұйырды дейді,-замандастары. Тағдырлы тұлға туралы тілші сюжеті.
Көзді жасқа, көңілді шерге толтырып Әшімов Әкім Үртайұлы да ақтық сапарға аттанды. Иә, негізгі толық аты осылай. Алматы да туып, тарихы терең Таразда өскен қаламгер кейіннен жанына жақын қаланы есімінің қатарына енгізді. Әкім Тарази сай-салалы мәдениеттің барлық қапталында, шатқалында жүрді. Жіліктеп айтсақ, жігіт жасында жас журналист ретінде мерзімді басылымдарға тырнақ алды мақалаларын жазып, руханияттың есігін қақты. Ал кемел шағында қазақ кинодраматургиясының қалыптасуына ат салысып, қайраткерлік танытты.
Төлен Әбдік, Қазақстанның Халық жазушысы:
Әкім Таразидың көркемдік шеберлігіне күмән келтірген, мынау қалай болады деген, әңгіме естіген емеспін. Мойындалған талант болды. Кейде біз қатты өкінеміз адамдар дүниеден өткен кезде. Өйткені, ойға алған мақсаттары орындалмай кетуі мүмкін, арманына жете алмай кеткендер көп. Осы тұрғыдан келген кезде Әкім ағамыз шын мәнінде бақытты адам деп есептейміз.
Зұлмат заманда дүниеге келген сөз зергері кесек-кесек кейіпкерлер жасап, сындарлы суреткер атанды. «Қорқау жұлдыз», «Тасжарған», «Қиянат» туындылары оқырманның санасына сәуле түсіретін. Сондай-ақ еңбекқор жан кәсіби сценарист болған тұңғыш қазақ. Алпысыншы жылдары Мәскеудегі арнайы курсқа барып, оқып, елге келіп білімін кәдеге жаратты. Кино саласына тыңнан түрен салған тұлға құр қиялға ерік берген жоқ. Драматургтің «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Мұстафа Шоқай» сынды туындылары қазақ киносының алтын қорына қосылды.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі:
Тұлпардың ізі деген сценарий жазып Мажит Бегалин түсірді. Сонда түстім. Театрға да еткен еңбегі бар. Кинода кішкене көбірек жұмыс істеді. Редактор болды. Сол жылдары қазақ фильмінің бір жақсы дәуірлеген кезі болды.
Қаламгер «менің образдарым - айналамдағы адамдар» дейтін. Біреуден қандай да бір ерекше мінез көріп қалса, ертеңіме азық болсын деп күнделігіне түртіп қояды екен. Сыни ойлайтын, сыни жазатын, қай нәрсеге де сын көзбен қарайтын,-дейді шәкірттері.
Ұларбек Нұрғалым, киносценарист, Әкім Таразидің шәкірті:
Әкім Тарази қазақ әдебиетінде бетбұрыс жасаған жазушы. Оны мен емес Мұхтар Мағауин айтқан. Жаңа жазу, өзгеше жазу осы Әкім Таразиден басталды деп айтады. Қала прозасын, сол уақыттың прозасын, тіпті оның қазақтың көпсөзділік емес, нағыз драматургиямен туыстастастығын, прозаны ұштастыра жазған жазушы.
Назира Рахменқызы, кинотанушы, Әкім Таразидің шәкірті:
Бұл кісілердің түсірген, жазған сценарийлері, фильмдері бүгінгі таңда қазіргі шәкірттеріміз үшін, болашақ үшін, жас кинемотографистер үшін, жастар үшін хрестоматиялық үлгі деп айтуға болады.
Классик адалдықты ту етті, не істесе де, қандай шығарма жазылмаса да, ол алдымен ар таразысының табағына тартты. Өзгелерге де соны үлгі қылды.
Жыл басынан бергі Мағауин, Мекемтас, Исабеков сынды алыптардың қазасы елге оңай соқпаған еді. Енді бүгін әдебиеттің Әкімі де кетіп барады. Осындайда: «жоғарыда жұлдыздардың сьезі, болып жатыр мен білсем»,- деген Есенқұл ақынның ескі жыры еске түседі.
Ернұр Медет
