Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысқан, қоғамда тазалық мәдениетін дәріптеуге ерекше атсалысқан бір топ жасты марапаттады.
Ақерке Ескендірова, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
Апта сайын, жыл бойы біз «Таза бейсенбі» акциясын өткіздік. Оған біздің барлық аймақ қосылып, жалпы, жерімізді көгалдандыру, қоқыс жинау бойынша жұмыс жүргізді. Кейіннен біз өткен жылы Астанадан Алматыға дейін 1200 шақырым жолды тазаладық. Бүгінгі марапат сол 2 мың адамның жалпы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жанында шоғырланып «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосқан азаматтарының бірлескен жеңісі деп білемін.
Сәуле Рахметуллина, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры:
«Таза Қазақстан» акциясы бойынша біз осындай керемет марапат алып отырмыз. «Ең жасыл университет» марапаты. Бізде 7000 студент оқиды. Соның бәрі осы «Таза Қазақстан» жобасына белсенді қатысып, біздің университет көп жұмыс істейді. Осы принциптерді балаларға кішкентай кезінен ойына құйып, өзіміз ұстансақ балалар да бізге қарап ұстайды.
Ақерке Қызайбай, Қазақстан студенттер альянсының Жетісу облысы бойынша төрағасы:
«Жеті өзен» атты жобада Жетісу өңіріндегі 7 өзен бойынша сенбіліктер өткізіледі. Біз оның ішінде 4 өзен бойында сенбілік өткіздік. Одан бөлек біздің жатақханалардың жанында, көше бойында ағаш ектік. Сонымен қатар бізде әр сенбі күні қалалық сенбіліктер өткізіледі. Бізде әр сенбілікке 100-ден астам студент қатысады.
Асылбек Данияр
