Басты Жаңалықтар Ақтөбеде қағаз қалдығы қайта өңделеді

Ақтөбеде қағаз қалдығы қайта өңделеді

Қағаз қалдығы да кәдеге жарайды. Ақтөбедегі зауыт макулатураны қайта өңдеп, жылына мыңдаған тонна табиғи таза өнім шығарып отыр. Осылайша, пайдаға кенеліп қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосып келеді. Кәсіпорын жұмысымен осы өңірдегі меншікті тілшіміз Жақсыбек Кемал танысып келді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Қазір біз зауыт қоймасында тұрмыз. Бұл жерге ай сайын еліміздің батыс өңірлерінен 200 тонна макулатура әкелінеді. Мынадай картон қаптамалар 40, ал таза ақ парақтар 120-140 теңгеден сатып алынады.
Қағаз қалдықтары алдымен сұрыпталып, ұнтақталады. Одан кейін құбырмен қазандыққа жіберіледі. Ол жерде арнайы қоспалар арқылы тазартылып, қардай аппақ таза қағаз пайда болады. Мамандар станоктармен дайын орамаларды майлықтар мен өзге де қағаз өнімдеріне айналдырады.
Жаңылсын Жұбанышева, зауыт қызметкері:
Қала тазалығы үшін үлес қосқанымызға қуанамыз. Осы жасап жатқөан өнімімізді пайдаланамыз. Бүкіл ағайын-тумамызбен алып тұрамыз. Өте ұнайды.
Қағаз қалдықтары негізінен ірі мекемелерден және арнайы акциялар кезінде мектептерден жиналады. Одан бөлек жеке кәсіпкерлер өткізеді.  Нәтижесінде кәсіпорын миллиондаған орам майлық пен дәретхана қағазын шығарады. Қазір мұнда жүзге жуық қызметкер бар.
Бекболат Пірәлин, зауыт инженері:
Төрт ауысыммен жұмыс істейміз. Әр ауысым 12 сағаттан жұмыс істейді. Тағы да зауытты кеңейтіп, шығатын дайын өнімдердің түрлерін көбейту жоспарымызда бар.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары өңірде қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар көбейіп келеді. Бұған дейін қой жүнінен құрылыс материалдарын шығаратын зауыт ашылған еді.
Арман Қабылов, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
Бұл облысымыздан жиналатын қой жүнінінің басым бөлігін өңдеуге қауқарлы. Бір жағынан экологиялық мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізетіні анық. Мемлекет тарапынан мұндай іргелі жобаларға қолдау көрсетіліп келеді.
Қазір облыс аумағында автокөлік шиналарын және пластик қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Жуырда құны 2 миллиард теңге болатын қағаз өнімдерін шығаратын тағы бір зауыт ашылады.

Бөлісу