Басты Жаңалықтар Қызылордалық оқушы қоқысты ЖИ арқылы сұрыптайтын жоба әзірледі

Қызылордалық оқушы қоқысты ЖИ арқылы сұрыптайтын жоба әзірледі

Қызылордада мектеп оқушысы қоқысты жасанды интеллект арқылы сұрыптайтын жоба әзірледі. ІТ ілімін жақсы меңгерген Диас Тасболаттың бұл тың идеясы өңірде өткен «Innofest» байқауында үздік деп танылған. Ізденімпаз жастың ойлап тапқан жаңашылдығын тілшіміз тарқатып айтсын. 

Диас қаладағы №264-ші мектеп лицейінің 11 сынып оқушысы. Талапты жас көптен бері экологиялық мәселелерді зерттеп, елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кенже қалғанына қынжылады. Іздене келе жасанды интеллект арқылы ақылды қоқыс жәшіктерін ойлап тауыпты. Келешекте бұл эко жобасы жүзеге асса тазалық жұмысшыларының жұмысы жеңілдейтініне кәміл сенеді.

Диас Тасболат, жоба авторы:

Қызылорда қаламыздағы ең үлкен қоқысты сұрыптайтын жер Белкөл кентінде. Ол жердегі үлкен кісілер, қариялар қоқыстарды қолмен сұрыптап жатыр. Мен соны көру арқылы маған сондай идея келді. Осындай қоқыс жәшігін жасау керек екенін.

Жасанды интеллект қағаз, пластмасс немесе шыны секілді қоқысты анықтап, әр жәшікке сұрыптап отырады. Диастың бұл идеясы былтыр облыстық «Innofest» ІТ байқауында үздік эко жоба деп танылып, мыңнан аса қатысушының арасынан топжарды. Алдағы уақытта оқушының тың бастамасын қолданысқа енгізу жоспарда бар. 

Сәбит Ибадулла, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

Стартап жобаларымыз Қызылорда облысындағы республика бойынша жақсы орындарды алып келе жатыр.Өздерінің идеяларын әрі қарай инвестиция салуға, жақсы инвесторларды тартуға жұмыс жасап Астана, Алматы қалаларында өздерінің жобаларын жүзеге асыруда.

Жалпы жастардың ІТ саласындағы стартап жобаларын қолдауға жыл сайын облыстан 100 миллион теңгеге жуық қаржы қаралады. Биыл мемлекет басшысы елімізде цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп белгіледі. Яғни, Диас секілді білімпаз жастардың ойлап тапқан жаңашылдықтары жоба күйінде қалмай, іске асады деген сенім мол.


Бөлісу