Қазақстанда киік саны 4 млн-ға жетті. Бірақ халықаралық конвенцияда ақбөкендердің дерегі 3 жылдан бері өзгермеген. 2000 жылдардың басында саны 20-30 мыңға дейін түсіп, жер бетінен жойылып кете жаздаған ақбөкендер қайта күй алып, бос далада өріп жүр. Оларды атуға бола ма?
Еліміздің бірнеше аймағында мыңдаған киіктің өлексесі табылды. Экология министрлігі бұл табиғи құбылыс, олардан ешқандай ауру анықталған жоқ дейді. Қырылып жатқан киіктің көбі Ұлытау облысында. Шамамен 15 мың бас. Ауылдан әрі қыр ассаң, өріп те, өліп те жатқан киік көп.
Айсұлтан Жақып, журналист:
«Купим рога сайгака» деген жарнамаларға хабарласып, істі боп кеткен жігіттер бар. Бұл құқық қорғау органдарының, опер жігіттердің жасап отырған құйтырқы әрекеттері былай қарасаң. Ешқандай аңшы емес, броконьер емес жігіттер сотталып кеткен оқиғалар да бар. Осы ретте менің ұсынысым мемлекетке бір реттік киіктің мүйізін жинау акциясын жасау керек.
Диқандар да дабыл қағып жатыр. Киіктің көптігінен жайылым жер азайып, тапталған топырақтың құнары да кете бастаған.
Бауыржан Сабанов, кәсіпкер:
Тіпті 2 млн киіктің саны болсын, соның өзі көп. Неге десеңіз бізде жер көлемі аз. Жалпы киіктің санын азайтпай, тұрақты тұрып жатқан елдімекендердің мәселесін шеше алмаймыз.
Киік қазақтың жерінде болса да, оның құқығы халықаралық деңгейде қорғалады. Арнайы конвенциядағы соңғы мәміле бойынша атуға және сатуға тыйым салынған.
Батыр Сейкенов, «Аяла» ұлттық қорының президенті:
Ақбөкен деген халықтың игілігі. Халықтың меншігі. Енді жабайы жануарларды алсақ, елік, доңыз, бұлан, бұғы мұның бәріне ресми түрде ашық аңшылық. Оны құртқан жоқпыз ғой. Саны көбейіп жатыр. Мысалы, осы киікке рұқсат берсе, реттеуге әрине біз онымен айналысамыз. Қаптау цехын ашамыз, терісін илейтін, сол жердің тұрғындарына жұмыс береміз.
2022-2023 жылдар аралығында киіктің саны 2 млн-ға жетті. Сол кезде санын «реттеуге» рұқсат етіліп, 43 мың атылған еді.
Бақытжан Исахаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бас сарапшысы:
Бірақ, оның 20 пайызын алған күннің өзінде де біздің ет комбинаттарының өндірістік қуаты жетпейді екен.
Негізі мәселе осы. Киіктің санын «реттеп» аттық делік. Ал оның еті мен терісін және мүйізін өндіріске айналдыру ісі әлі жүйеленбеген дейді табиғат жанашырлары.
Сәкен Ділдахмет, тәуелсіз экологиялық шолушы:
Ары қарай қалай біз өндірісте қолданамыз? Оның еті, дереваты, медицинада ол қаншалықты экономикамызға пайдалы? Киіктің саны ертең реттелетін болса, мемлекеттік монополия болу керек. Бұл бизнестің қолына өтпеу керек. Бизнес өзіне қажетте көлемнен көп те өндіріп алуы мүмкін.
Киікті өндіріске айналдыру мәселесі әлі оң шешімін таппаса да Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ақбөкенді атудан бас тартқан жоқпыз деп отыр.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
Атудан бас тартқанымыз жоқ, әзірше Президентіміздің өткенде Қостанайда берген тапсырмасымен тұрмыз. Бірақ бізге ғылыми негіздеме керек. Олсыз біз еш іс-қимыл жасай алмаймыз.
Ал табиғат жанашырлары киік – қазаққа берілген аманат, сондықтан оны қорғап, брендіне айналдырып, шетелдік туристерге мақтана көрсету керекпіз дейді. Бірақ қазір ғалымдар киіктің санын «реттеу» мәселесін зерттеп, ату керек пе деген сұраққа жауап іздеп жатыр. Келесі аптада нақты шешім айтылады.
Азамат Бейбітұлы
