Атажұртқа қоныс аударған қандастардың қатары көбейді
Елге шеттен келіп, қоныстанған қандастарымыздың қатары артып келеді. Тек Абай облысының өзіне биыл 200-ге жуық адам Өзбекстан, Моңғолия, Қытай мен Түркіменстаннан көшіп келген. Ата жұртқа асыққан ағайынға мемлекеттен жан-жақты көмек көрсетіледі. Сондықтан елге келемін деген ағайынның қатары әлі де көп дейді мамандар.
Тек Көкпекті ауданына соңғы бір жылда Түркіменстаннан 20-дан астам отбасы көш түзеген. Солардың бірі - Ерлан Ешманов. Тарихи отанына оралғалы тұрмысы оңалған. Үйлі болған. Мал өсіріп, нәпақасын тауып отыр. Қосымша құрылыс дүкенде жұмыс істейді. Мемлекеттің жан-жақты қолдауына көңілі тоқ.
Ерлан Ешманов, Көкпекті ауылының тұрғыны:
Келген уақытымызда ақшалай көмектесті. Мал ұстаймын десеңіз, оған да көмектеседі. Жұмысқа тұрғызып береді. Балаларды мектепке орналастырып берді. Құжатқа да көмектесіп жатыр келген уақытымыздан бастап.
Аудандық ауруханада медбике болып жұмыс істейтін Айхан Бейсенова да ата жұртын аңсап келгендердің бірі. Елге қоныс аударғандарды қолдайтын мемлекеттік бағдарламаны ести сала Түркіменстаннан Қазақстанға асыққан. Қазір жұрт қатарлы тұрмыс кешіп, бала-шағасын бағып-қағып отыр.
Айхан Бейсенова, медбике:
Осы жерге келгеніме ризамын. Екі жыл ішінде көп жақсылық көрдік. Балаларымыз оқуға орналастырды. Міне, үш студентім бар. Үшеуі де колледжде оқиды.
Биыл ерікті түрде қоныс аударғандарға арнайы бағдарлама шеңберінде Абай облысы бойынша 499 адамға квота бөлінген. Солардың тең жартысы қандастарға тиесілі.
Айман Нұрлыбек, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:
Мемлекет тарапынан қоныс аударушыларға, соның ішінде қандастарға да субсидия бөлінеді. Ерікті қоныс аударған азаматтардың әрбірінің отбасы мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш субсидия беріледі. Сонымен қатар біздің өңірімізге, Абай облысына келгенде үйді жалдап тұратын болса, бір жылға дейін 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін арендасына қаражат төленеді.
Жыл соңына
дейін тағы он шақты отбасы ата жұртқа ат
басын бұрмақ. Қазір олардың құжаттары рәсімделіп, мамандықтарына сәйкес жұмыс
орны бар аудан, ауылдардан үй-жай қарастырылып жатыр. Қандастардан бөлек Абай
облысына оңтүстік өңірлерден келіп жатқандар
да көп. Соңғы жылы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 221 адам көш түзеген.
Олардың дені мемлекет демеу болған соң халық
саны аз шалғай ауылдарды таңдаған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы