Ақмола облысында 10 көпқабатты үйдің құрылысы бірнеше жылдан бері аяқталмай, үлескерлер баспанасын даулап жүр. Мәселен, Көкшетауда 2017 жылы құрылысы басталған «Отау сити» тұрғын үй кешенінің мәселесі 8 жылдан бері бітпес дауға айналды. Жұрт компанияға кем дегенде пәтер құнының 50 пайызын, ал кейбірі ақшасын тұтас төлеп қойған.
8 жылдан бері баспанасына кіре алмай жүрген жандардың бірі - Данияр Башаев. Ол құрылыс басталған сәтте-ақ пәтер құнының 100 пайызын төлеп қойған. Ең сорақысы - оның баспанасы басқа адамдарға сатылып кеткен.
Данияр Башаев, үлескер:
Мен 2017 жылы осы үйдің үлескері атандым. Құрылысы аяқталған бөліктегі пәтерімізді екінші біреуге сатып жіберіпті. Содан бізге келесі кіреберістен пәтер береміз деп уәде етті. Бірақ уәде орындалмады.
Дина Айтмағамбетова, үлескер:
«Отау құрылыс» деген компания болған, одан кейін «Отау сити» компаниясы болып өзгерген екен, 2022 жылы. Міне, келісімшарт бойынша уақыт бітті ғой. Не үй жоқ, жай жер ғана тұр. Мұны қалай түсінуге болады? Біздің бармаған жеріміз қалмады.
Бүгінде үлескерлер ақшасын салған үйдің жартысы ғана бой көтерген. Оның өзінде ішкі жұмыстары аяқталмаған. Ал екінші бөлігі қазығы қағулы күйінде қалған.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
2017 жылдан бері «Отау сити» тұрғын үй кешенінің құрылысы бірнеше компанияның қолына өткен. Бұл үлескерлерді әбден адастырды. Себебі олар қаржылық есепті қайсысынан сұрарын білмей дал. Құрылысқа жауапты құрылтайшылардан бізге де мардымды жауап алу мүмкін болмады.
Үйдің құрылысы тұралаған соң үлескерлер мердігерге тағы 6 миллион теңге жинап берген.
Анар Дәденова, үлескер:
Құрылыс компаниясының басшысы Шакимов пен көмекшісі Нұргүлмен кездесудің бірінде «Бізде ақша жоқ. Егер үлестеріңіздің пайызын арттырып, ақша жинап берсеңіздер, құрылысты аяқтап береміз» деген. Сендік. Екі ай бойы тек екі қабатында жұмыс жүргізген. Бізге қаржылық есеп те берген жоқ.
Осылайша құрылысты жандандырмақ болған жұрт тағы да сан соғып қалды. Ендігі үміттері әкімдікте.
Ақжол Қылышбаев, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары:
Бүгінгі таңда бұл мәселелердің барлығын шешу үшін біздің әкімшіліктің алаңында мерзімі өтіп кеткен техникалық шарттарды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни, бұл болашақта мердігерге қосымша инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Ақмола облысы бойынша бүгінде көпқабатты 44 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Оның 13-і мемлекеттік болса, 31-і жеке меншік қаржы есебінен салынуда. 10 тұрғын үйдің құрылысы ұзаққа созылып, проблемалық нысанға айналған. Оның төртеуі Қосшы, екеуі Ақкөл, тағы төртеуі Көкшетау қаласында.
Бибінұр Әмірханқызы
