Жамбыл облысында вандалистер әрекетінен тау шатқалдарындағы көне таңбалы тастар құрып, бұзылып барады. Біздің заманымызға дейінгі 3-5 мың жыл бұрынғы жартастағы жазулардың үстіне бүгінде адам аттарын қолмен қашап жазатындар көбейген.
Тас бетіне түскен петроглифтер ерте замандағы мәдениеттен, адамдар дүние танымынан хабар береді. Тарихшылар бұл табиғат аясына тынығатындардың қасақана істеген әдепсіздігі дейді. Сондықтан былтыр «Қарасай» шатқалындағы 500-ден астам петроглиф мемлекет қорғауына алынды. Енді Жамбылдағы ежелгі ескерткіштерді зерттеуге шетелдіктер қызығып отыр. Мамырда келетін түркиялық ғалымдар бұған дейін болжаммен айтылып келген суреттердің нақты жасын анықтамақ.
Сауран Қалиев, Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры:
«Кіші Қаратау» жотасы, «Ақтоғай» шатқалындағы петроглифтерге және «Қарағашта», сонымен қатар «Қарасай» петроглифтеріне кешенді түрдегі барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде оның зерттелу барысы анықталады. Хронологиялық шеңбері жасалып, оның географиялық аумағы белгіленеді. Петроглифтерді зерттеуге байланысты келетін зерттеуді ғылымға келген инвестиция деп білуіміз керек.
Данияр Әлімқұл
