Шымкентте Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті
Шымкентте Республика күніне орай Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шара шаһардағы Ту тұғыры алаңында ұйымдастырылып, оған қала тұрғындары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер мен жастар қатысты. Көк байрақ көкте желбіреп, қатысушылар ел Әнұранын бірге шырқады.
Салтанатты шара басталмас бұрын 300-ден аса жас Бәйдібек ескерткішінен Ту тұғыры алаңына дейін шеру жасады. Қолдарына көк туды көтерген жастар оркестр сүйемелдеуімен жүріп өтті. Бұл көрініс мерекенің рухын айшықтап, елдік бірлікті сездірді.
Серікбай Оңбаев, Шымкент қаласының құрметті азаматы:
Бұл мерекенің маңызы өте зор, бірақ әртүрлі себептермен бірнеше жылдар бойы бұл мереке аталып өткен жоқ еді. Бірақ Президентіміз бұны заңдастырып мереке ретінде күнтізбемізге енгізді. Сондықтан бұл Ұлттық мереке! Біз қуаныштымыз! Республикамыз жарқырай берсін, жайнай берсін! Көк байрағымыз желбіреп, еліміз дами берсін!
Мерекенің басты сәті – Мемлекеттік тудың көтерілуі. Ту тұғыры алаңында көк байрақ көкке көтерілді. Әнұран шырқалып, қатысушылар елдік рухты бірге сезінді. Бұл сәт мерекенің мәнін айшықтап, қатысушылардың көңілін көтерді. Олар Республика күнінің ел үшін ерекше маңызын атап өтті.
Аббас Шамирзаев, Шымкент қаласы Өзбек этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары:
Мерекеміздің маңызы соншалық мықты! ҚР түкпір түкіпірінде осындай шаралар өтіп жатыр! Бұл шараның мәні біздің егемендігіміз, бірлігіміз. Барлығымыз бір болғандықтан біздің туымыз көктен көрініп жатқанының белгісі деп білемін! Осы мерекемен қазақ елін шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын дәріптейтін
мереке. Көк байрағын биік ұстаған жастардың бүгінгі қадамы – елдік рухтың,
бірліктің айқын көрінісі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы