35 еңбеккер мемлекеттік наградаға ие болды
Жетісу облысында Республиканың 35 жылдығына орай 35 еңбеккер мемлекеттік наградаға ие болды. Салтанатты шара аясында сала мамандарына «Құрмет», «Парасат», «Еңбек даңқы» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары табысталды. Жалпы соңғы үш жылда Жетісу облысына 1,2 триллион теңге инвестиция тартылып, күре жолдың мәселесі түпкілікті шешілген. Сондай-ақ газдандыру деңгейі де 72 пайызға жетті. Ал 5 мың тұрғын баспаналы болған. Өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан жандарды мереке қарсаңында облыс әкімі марапаттады.
Вадим Друзин «Шапағат» медалімен марапатталды. Ол 20 жылдан бері ерекше күтім көрсетуді қажет ететін азаматтардың құқығын қорғап келеді. Қоғам белсендісі барша отандастарды мерекемен құттықтап, өз алғысын жеткізді.
Вадим Друзин, «Elstar» қоғамдық ұйымының төрағасы:
Бүгінгі марапаттың орны мен үшін ерекше. Әлі де өзекті мәселелер көп. Жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз. Менің еңбегімді елеп, ескеріп жатқандарыңызға үлкен алғыс білдіремін. Мереке құтты болсын!
Сондай-ақ бүгін Талдықорғанда салтанатты ту көтеру рәсімі өтті. Ұлттық мерекені ұлықтауға өңір басшысы, әскери күштік құрылымдар, қоғамдық ұйым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Серікбол Төлеутайұлы, қала тұрғыны:
Жастар үшін жақсы дүние - көрнекілік. Оларға көрсетсе жасайды. Бүгінгі көрсеткен жарты сағаттық шарада олардың түп санасында қалады. Патриоттық сезімі оянады. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын.
Жалпы Жетісу облысында мереке қарсаңында 24 жаңа нысан ашылды. Оның 18-і денсаулық сақтау мекемелері. Сондай ақ өңірде 5 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы