Басты Жаңалықтар Президенттің атына құттықтау жеделхаттары келіп түсті

Президенттің атына құттықтау жеделхаттары келіп түсті

Қазақстан Президентінің атына ұлттық мереке – Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп жатыр. Ресей Президенті Владимир Путин жеделхатта Қазақстан әлеуметтік-экономикалық даму жолында нық қадам басып, халықаралық аренадағы беделін дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өткен. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан қоғамында татулық пен тұрақтылық салтанат құрып, экономика қарқынды дамып келе жатқанына тоқталған. Ал Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының таяудағы сессиясында болған әңгімелесуді ықыласпен атап өткен. Сондай-ақ Франция, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия, Түркия, және басқа да елдерден құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр.

Ресей-Қазақстан байланыстарының деңгейі өте жоғары. Елдеріміз түрлі бағытта табысты ынтымақтастық орнатқан. ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясында тиімді қарым-қатынас жасайды.

Қытай тарапы Қазақстанмен саяси ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге, өзара қолдау көрсетіп, даму стратегиясын ұштастыруға және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы жоғары деңгейлі ынтымақтастықты ілгерілетуге күш-жігер жұмылдыруға дайын.

Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен арадағы тығыз экономикалық байланысты және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Алдағы жылдары кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті.


Бөлісу