Абай облысында жаңа саябақ ашылды
Абай облысының орталығында Республика күніне орай салтанатты рәсіммен жаңа саябақ ашылды. Қарағайлы ықшам ауданындағы демалыс орнына қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері жиналып, мемлекеттің мәртебесін ұлықтайтын мерекені атап өтті. Облыс орталығындағы ең үлкен саябақтың көлемі 53 мың шаршы метр. Өңір басшысы қала тұрғындарын Республика күнімен құттықтап, өңірдің жетістігі мен алда атқарылатын ірі жобаларға тоқталды.
Берік Уәли, облыс әкімі:
Өзгеше нысанды Республика күні арнайы орайластырып, Семей тұрғындарының қажетіне пайдалануға бергелі отырмыз. Бұл қала тұрғындарының демалып, серуендеуіне арналған жаңа саябақ, жаңа алаң болмақ. Осындай ерекше қадірлі мерекелі күнде баршаңызды шын жүректен құттықтаймын.
Жаңа саябақтың құрылысы толық аяқталып, аумағы кең көлемде абаттандырылған. Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп мыңға жуық қарағай мен шырша көшеттері, 9 500-ден астам сәндік бұталар мен 8 мыңға жуық көпжылдық гүлдер егілді. Демалыс аймақтары, сахна және мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған ашық алаңдар қарастырылған. Алдағы уақытта мұнда мемлекеттік рәміздер орналастырылмақ. Қысқа уақыт ішінде сапалы түрде салынған қоғамдық нысан тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етпек.
Мәнзия Сәтбекқызы, қала тұрғыны:
Саябақ өте көрікті. Жан-жағында қарағай салынып, таза ауа, кең жер. Біздің қалалықтар өте жақсы демалыста болады деп ойлаймын.
Гүлбаршын Абдулина, қала тұрғыны:
Кішкентай шағын ауданда саябақ ашып, Қарағайлы демалатын жерін жасап, жағдайын жасап жатқанына көп-көп рахмет! Еліміз өсе берсін! Өркендей берсін!
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы