Абай облысы Қарауыл ауылындағы мектеп-гимназия директоры ұстаздарды ауыр жұмысқа жеккен. Мұғалімдерге сынып бөлмелері мен спорт залын жөндеткен. Тіпті басшының үйі мен қыстағында құдық қазып, қорасы мен моншасының құрылысын жүргізген. Әбден мезі болған 19 ұстаз білім басқармасына шағымданады. Тексерістің қорытындысы бойынша Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры қызметінен босатылды.
Ернар Нұрғазин, мектеп мұғалімі:
Мен енді мектептің ішін, спортзалын да істедім. Мектептің пластик терезелерін де істедім. Акт залына жөндеу жасадық, жалғыз мен емес ұлдардың бәрі істеді. Үйінің жұмысын істедік. Қыстағының жұмысын істедік.
Нұржан Сағадиев, мектеп мұғалімі:
«Жазғышбектер» деп қоқан-лоқы жасап, күш көрсетіп, итеріп, қағып-соғып сондай қылықтар жасап жүр. Бұл кісімен бір ортада жұмыс істеу қиын болып тұр. Қаншама заң бұзушылықтар бар. Сол бойынша әділ шешім шығарғанын күтеміз.
Ұстаздар қызметінен кеткен директор әлі де маза бермейтіндігін айтады. Өйткені басшылықтан босаған соң, информатика мұғалімі болып жұмысқа тұрған. Содан бері қысым қайта жалғасқан. Тіпті оның ерсі қылықтары бейнебақылау камерасына да түсіп қалған. Ал білім ошағының бұрынғы басшысы әріптестерінің сөзін жоққа шығарып отыр. Ол қара жұмысқа ешкімді салмадым, ешкімге ауыр сөз айтпадым дейді.
Роллан Тілеуханов, мектептің бұрынғы директоры:
Мені жұмысқа салды, 9 жыл бойы үйге салды деген маған тағылған айытаптар жалған. Өз ниеттерімен істейміз деді. Қазіргі заманда ешкімді мәжбүрлеп жұмысқа апармайды.
Соңғы жайт бойынша тағы тексеріс жүргізіліп, басы дауға қалған Роллан Тілеухановқа сөгіс берілген. Алайда бұл аз, дейді мұғалімдер. Олар ар-намысымызды таптаған адам тиісті жазасын алсын деп талап етуде.
Ержан Жақып
