Иісі қазаққа ортақ батыр бабаның мерейтойына меймандар еліміздің түпкір-түпкірінен келді. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, аламан бәйге ұйымдастырылды. Батырдың құрметіне монумент ашылды. Дүбірлі той кеш батқанша жалғасты.
Баһадүрдің 350 жылдығына меймандар республиканың әр түпкірінен келді. Қонақтар алдымен Бестамақ ауылдық округінде тойдың құрметіне орай атқарылған игі істермен танысты. Жуырда бой көтерген дәрігерлік амбулаторияны көрді. Мәдениет үйінің ғимаратын аралады.
Мерейтой меймандары батыр рухына тағзым ету үшін Есет Көкіұлының мемориалдық кешеніне барды. Бұдан соң аламан бәйге алаңына ат басын бұрды. Жарыстың бас жүлдесін шабандозға Орал қаласынан келген сәйгүлік алып берді. Жүлдегердің тартуы - боталы түйе болды. Екінші орын құлынды бие, үшінші орын иегері бұзаулы сиыр алды.
Басты салтанатты шара 32 ақшаңқан киіз үй тігілген этноауылда өтті. Дәл осы жерде Есет Көкіұлына арналған монументтің ашылу салтанаты өтті. Ескерткіштің тұғыры 6 метр болса, мүсіннің биіктігі 5,5 метрді құрайды. Ескерткіш алаңын абаттандыруға жергілікті кәсіпкер 32 млн. теңге қаржы бөлген. Ескерткіш Ақтөбе - Астрахань тас жолының бойында орнатылды. Батыр ұрпақтары ризашылығын жеткізді.
Этноауыл сахнасында ұйымдастырылған ақындар айтысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Есет батырдың 350 жылдығына арналған ұлы той облыстағы шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен «Дала сазы» атты гала-концертпен қорытындыланды.
Райгүл ЕНШІБАЙ