Үкімет табысын төмендетіп көрсеткен ірі бизнеске салық төлеу үшін 2 апта уақыт берді. Премьер-министр Олжас Бектенов миллиардтаған кірісін жасырып, жеңілдетілген шартпен салық төлеп жүрген кәсіпкерлерге осылай ескерту жасады. Салық органдары жуырда оларға арнайы хабарлама жібермек. Үкімет басшысы тиісті талап орындамалса, бұл кәсіпкерлер мемлекет меншігіндегі ресурстарды қолдану құқығынан айырылатынын еске салды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемасын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар.
Ал елімізде ресми тіркелген 2 млн 300 мың кәсіпкер бар. Қосылған құн салығын соның 8 пайызы, яғни 137 мыңы төлейді. Көбі табысын 15 млн теңгеден аспайды деп көрсеткен. Қаржы министрлігі салықтан жалтару үшін кәсіпкерлердің жиі қолданатын әдісін анықтады. Мәселен, жеке компанияның меншігінде асхана, кораоке, қонақ үй секілді бірнеше мекеме бар делік. Бір ғимараттың табысы 78 млн теңгеден асқанда оны өзге адамның атына жазып, бизнес иесі осылайша қосылған құн салығын төлеуден жалтарады, дейді Мәди Тәкиев. Тіпті бір мекеменің әр қабатын бөлу жағдайлары кездескен. Министр сол үшін кәсіпті бөлу талаптарын өзгертіп, бақылауды күшейту қажет деп отыр.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін кәсіпорын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұрынғы жұмыс берушіге жұмысшы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Тиісінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін салық төлемдері азайып, жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілік алынып тасталады, одан әрі оны кәсіпкер өз мойнына алады.
Айя Мүтәлі
