7 адамның өмірін қиған Ұлытау облысындағы шахта апатына не себеп болғаны жуырда белгілі болады. Комиссия қорытындысы дайын. Төтенше жағдайлар вице-министрі, жұмыс тобы оны бүгін Үкіметке өткізетінін хабарлады. Кеген Тұрсынбаевтың сөзінше, тергеу кезінде 7 комиссия құрылған. Олар апат болған жерді тексеріп, «Қазақмыс» корпорациясының қызметімен толықтай танысып шыққан.
Кеген Тұрсынбаев, Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:
Қазір шахтаның жұмысы тоқтатылған. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі уақытта комиссия өзінің жұмысын бітіріп, бүгін түстен кейін Үкіметте баяндайды. Қорытындысы қабылданған соң жақын арада халыққа да, өздеріңізге де жеткізіледі деп ойлаймын.
Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өндірісте адам өлімі азаймай тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Төтенше жағдайлардың көбі - Қарағанды, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Мұндай оқыс жағдай 2021-2023 жылдары тіпті артты. Сенат спикері өндістегі қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған заңнама бар екенін, бақылауды күшейту қажеттігін айтады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Алдын алу шараларын кеңейту және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру аса маңызды екенін атап өткен жөн. Бұл бағытта бизнес, еңбек инспекциясы және өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармалары тарапынан белсенді жұмыс жүргізілуге тиіс деп есептейміз.
Айя Мүтәлі
