Елімізде депозиттердің сыйақы мөлшеріне шектеу қойылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде депозиттердің сыйақы мөлшеріне шектеу қойылмайды

25.02.2025

Қазақстандықтардың депозиттегі жалпы жинағы 24 трлн теңгеден асады. Оның 18 трлны теңгемен сақталған. Күні кеше «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» наурыздан бастап теңгемен ашылған депозиттердің сыйақы мөлшеріне шектеу қоймайтынын жариялаған еді. Демек келесі айдан бастап жинақтың пайызын әр банк өз бетінше белгілейді. Десе де, қазіргі инфляция жағдайында банктердің депозит пайызын көтеруге мүмкіндігі бар ма? Айя Мүтәлі экономистер сарапшылармен тілдесіп көрді.

Депозиттің шекті мөлшері бұған дейін ай сайын өзгеріп отыратын. Соңғы рет ол 14,8 пайыз деп белгіленді. Сыйақы мөлшерін бұдан асырған жағдайда банктер қосымша жарна төлейтін. Енді теңгемен ашылған депозит үшін бұл жүйе қолданылмайды.

Жаппарберген Айбота, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ ресми өкілі:

Наурыз айынан бастап біздің қор осы шекті мөлшерлемелерді алып тастап отыр. Яғни ешбір банкке бұл шекті мөлшерлемелер белгіленбейді. Енді тек қана нарықта қалыптасқан нарықтық мөлшерлемелерді ғана басшылыққа алады. Мұндағы мақсат - әрине теңгелік депозиттерді дамыту, бұл Ұлттық банктің ақша несие саясатындағы басты ұстанымы.

Сарапшы: Жоғары пайызбен депозит ашуды ұсынған кез келген банкке қызығудың қажеті жоқ

Сала бақылаусыз қалмайды. Депозиттің пайыз мөлшерлемесі нарықтағы орташа көрсеткіштен асса, банктер бұрынғыша жарна төлейді. Десе де, сарапшылар жоғары пайызбен депозит ашуды ұсынған кез келген банкке қызығудың қажеті жоқ дейді. Қаржы ұйымын зерттеп алған жөн. Себебі активі аз, тұрақтылығы төмен банктер кейін дағдарысқа ұшырауы әбден мүмкін.

Рашид Жақсылықов, экономист:

Тәжірибеде көп болды. Банктердің Ұлттық қордан, Самырұқ Қазынадан қаржы алып, банкротқа кетпеуі қамтамасыз етіп отырдық. Қайткенмен де капитал болуы керек. Халықтың табысы ең құрығанда 60-70 пайызы емін-еркін дамуына болашақ ақшасының салуға артық табысы болса, онда әрине бұл жақсы инструменттердің бірі болады. Халықтың табысы болмаса онда ол құр шешім боп қалады.

Ал кей сарапшылар депозитпен қатар, несие пайызы өсе ме деп қауіптенеді.

Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:

Қарап отырсаңыз, кез келген банкте сіздің салған депозитке берген ақшаңызға берілген пайыздан, несиеге берілетін пайыз жоғары болады. Ұлттық банктің пайыздық несиені 50 пайыздан көтермеу туралы шектеу бар ғой. Міне, осыған да әсерін тигізіп кетуі мүмкін. Біз салған депозиттік мөлшерлеме 20 пайыз ұсынды делік. Несиеге берілетін пайыздық мөлшерлеме де өсіп кетуі мүмкін.

Айя Мүтәлі, тілші:

Ал депозиттер бойынша кепілдік мөлшері сол күйі сақталады. Яғни, мемлекет теңгедегі жинақтар үшін кепілдік соммасы 20 миллион, мерзімді және мерзімсіз салымдар үшін 10 миллион, ал шетел валютасындағы депозиттер үшін 5 миллион теңгеге кепілдік береді.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу