Франция 2018 жылы Астананың 20 жылдық мерейтойына қатысады. Қос елдің мәдени байланысын бекемдеу үшін Парижде арнайы меморандумға қол қойылды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы мен Францияның ұлттық музейлер бірлестігінің президенті Сильви Убак мемлекеттердің өнері, мәдениеті мен бай мұраларын сақтауда ынтымақтастықты арттыруға уағдаласты.
Басты бағыттың бірі ретінде 2018 жылы Қазақстан астанасында Францияның танымал суретшілерінің көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Тараптар әр елден осы келісімді жүзеге асыратын өкілдер тағайындаймыз деп шешті. Әріптестік аясында Францияда отандық қылқалам шеберлерінің де ауқымды көрмесі өткізілмек. Меморандум шеңберінде арнайы іс-шаралар жоспары да бекітіледі. Сапар барысында қазақстандық делегация Париждегі «Гран Пале» көрме орталығын аралап шықты.
Сильви Убак, Франция ұлттық музейлер бірлестігінің президенті:
- Франция ұлттық музейлер бірлестігі мен «Гранд Пале» көрме орталығы біршама уақыттан бері Қазақстанмен әріптестік орнатып келеді. Біз Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне де қатыстық. Біз бүгін мәдени байланысымызды арттыру да алдағы 5 жылды қамтитын меморандумға қол қойдық. Енді бас қалаларыңыздың 20 жылдығына ат салысып, бірлескен жобаларды іске асыруды көздеп отырмыз.
Жазира ДОСМАҒАНБЕТ