Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ЮНЕСКО-да таныстыру аясында қазақ өнерпаздары мерекелік концерт ұсынды.
Париж сахнасында аты әлемге әйгілі опера әншілері Майра Мұхамедқызы, Сүндет Байғожин ұлттық өнерімізбен сусындатып, рухымызды асқақтатты. Ал, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі қазақтың тарихынан сыр шерткен күйлерді күмбірлетіп, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Қазақтың ұлттық киімін киіп, мың бұрала билеген бишілер талғамы биік француздарды шеберлігімен тәнті етті. Мерекелік кеште жас та болса, мемлекет мерейін үстем етіп жүрген Димаш Құдайбергеновке деген құрмет айрықша болды. Талантымен өз ортасынан озған өнерпазды жанкүйерлер концерттен кейін де жібермей, ерекше ілтипатқа бөледі.
Жульен Гусель, көрермен /Франция/:
- Маған бүгінгі кеш ерекше әсер қалдырды. Қазақстанның мәдениеті биік, өнері ғажап екенін сезіндім. Ұлттық аспаптарыңыздың әуені қандай керемет. Ал, Димаш деген әншінің дауысына, ән айту шеберлігіне тәнті болдым. Жарық жұлдыз деп айтар едім.
Жазира ДОСМАҒАНБЕТ