Лифтідегі оқиғада зардап шеккен 5 жасар бала сауығып, ертең емханадан шығады. Астанадағы балалар ауруханасы дәрігерінің айтуынша, пышақ жарақатын алған бүлдіршіннің бетіндегі тігістері түгел алынған. Батыр есімді бала ертең үйінде ата-анасының қасында болады. Баламен ауруханада психологтар да жұмыс істеді. Ал осы балаға пышақ сілтеген жасөспірімнің психдиспансерде тіркеуде екені ескеріліп, емге жіберілгені белгілі. Жеткіншекті жалғыз өсіріп отырған анасына айыппұл салынды. Жалпы осындай диагнозы бар балаларды жауып тастап, ата-анасын жазалау арқылы мәселе түбегейлі шешіле ме? Тілшіміз Серік Жұмабек зерттеп көрген еді.
Жеделсатыда болған оқиғаны жұрт ұмыта қойған жоқ. Лифтідегі жағдайдан кейін ақыл-есі кем балалар туралы статистика қайта жаңарды. Соңғы жылдары елімізде психикалық мінез-құлық бұзылыстары бар азаматтар саны артқан. 2023 жылы 198 421 адам бақылауда тұрса, былтыр бұл көрсеткіш 204 408 адамға өсіпті. Кәмелетке толмаған балалар 4 мыңға көбейген. Заңгерлер осы азаматтар қылмыс жасаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Бірақ ата-анасы жазадан құтылмайды деп отыр.
Жандос Тұяқов, заңгер:
Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 127-бабының 3-тармағында нақты көрсетілген «егерде кәмелет жасқа толмаған азамат қылмыс нышандары бар немесе басқа да заңсыз әрекеттер жасаған жағдайда, ата- аналар немесе кінәлі тұлғалар әкімшілік жазаға тартылады» деп көрсетілген. Онда әкімшілік жаза ретінде 25 айлық есептік көрсеткіш қарастырылған.
25 айлық есептік көрсеткіш дегеніміз 100 мың теңгеге жуықтайды. Бірақ осы айыппұл есепте тұрған балалардың қылмыс жасауын азайтып, ата-ана жауапкершілігін арттыра ала ма?! Сол үшін депутаттар мәселені түбірінен шешу қажет деп санайды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Оларды тек қана жауапкершілікке тартумен бұл мәселені толығымен шеше алмаймыз. Мұндай отбасылар қосымша қолдауды, ақпараттық қолдауды, сүйемелдеуді, басқа да әлеуметтік қолдауды қажет ететіні сөзсіз.
Заң бойынша тіркеуде тұрған бала үнемі ата-анасының немесе заңды өкілінің қадағалауында болу керек. Бірақ қамқоршы жалғызбасты ана немесе әке болса, қайтпек керек? Үнемі балаға қарап отырса, отбасыны кім асырайды? Осыған байланысты әлеуметтік төлем мәселесі 2022 жылы көтерілген. Бірақ қолдау таппаған.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
18 жасқа толғанға дейін де, толғаннан кейін де денсаулығында ақауы бар, есі кемістеу азаматтарды бағып-қағуға арналған ата-анасына жаңа әлеуметтік төлемдер қарастыруды ұсынғанбыз. Үкімет бұны кейінге қалдырған болатын. Осы ұсынысты Үкімет қайтадан қараса деп ойлаймын.
Осы оқиғадан кейін ақыл-есі кем балалардың ата-аналары арнайы мемлекеттік орталықтар ашу мәселесін де көтеріп жатыр. Себебі жалғыз жалақымен жекеменшік орталықта ем қабылдау тым қымбат.
Серік Жұмабек
