Сонымен Үкімет қосымша құн салығын 16 пайыз деп белгілеуді ұсынып отыр. Бірнеше салаға 10 пайыз мөлшерінде салуды, ал кейбірін толық босатуды айтты. Яғни салықты сараланған – дифференциалды қылмақшы. Мысалы, картоп, қызанақ, жуа сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретіндер төлемейді.
12 пайыздық қосымша құн салығын көтеруді қаңтардың соңында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов пен оның орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин хабарлаған. Олар бұл салықты 20 пайызға өсіруге ынталы болған. Және жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге салуды ұсынған. Қазіргі мөлшер 74 млн теңгеге жуық. Көпшілік, көпшілік болғанда кәсіпкерлер ғана емес, кәсібі жоқ жұртшылық бірден сынады. Себебі түсінікті – бүкіл тауар мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылатын салықты әрбір тұтынушы төлейді. Әрбір адам.
Өткен аптаның соңында Президент ірі бизнес өкілдерін жинағанда ұсынылып отырған мөлшерді тым жоғары, мәселені жақсылап зерделеңіздер, деген. Енді міне министрлер кабинетінің экономикаға жауапты шенділері ірі қалалар мен облыс орталықтарына барып, зерделеуге кірісті. С. Жұманғариннің орынбасары Б. Омарбеков Ақтауда шағын және микробизнесті ҚҚС-тан босату мүмкін екенін айтқан.
Жеңілдіктер кімдерге беріледі? Кәсіпкерлер мен сарапшылар «әйтеуір 20 емес ғой» деп үндемей қалған жоқ. Компромисс қандай болуы мүмкін? Данияр Қайыртайдың сараптамасы.
Данияр Қайыртай
