Астанадағы «Жұмысшы мамандықтар қаласы» ерекше алаңға айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы «Жұмысшы мамандықтар қаласы» ерекше алаңға айналды

14.02.2025

Бүгін «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің  4-күні. Қала үлгісінде жасалған іс-шараға 20 000-нан астам қонақ келіп үлгерген. Олардың арасында өңірлерден келген оқушылар мен студенттер де бар. Мамандықтар қаласы туралы толығырақ әріптесім Темірлан Нұржанұлы толығырақ айтып берсін.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Фестивальдің басты ерекшелігі – иммерсивті формат. Яғни кез келген оқушы немесе студент өзін маман ретінде сезініп, жұмыс процесіне ене алады. Мысалы, мына қондырғыда ашық кен орындарына арналған бұрғылау техникасын басқаруға болады.

Олжас Олжатаев, Қарағанды Жоғары политехникалық колледжі тау-кен факультетінің кафедра меңгерушісі:

Басқа тренажерларда олар қателіктің санын көрсетеді. Кейін оқушы не жұмыскер жаттығуды аяқтағаннан кейін қанша қателік жібергенін және қандай қателік жібергенін бақылай алады және сол қателіктермен кейін жұмыс істей алады.

Биыл колледжерді халықаралық нарыққа бейімдеу көзделіп отыр. Бүгінде білім беру ұйымдарында жаңа технологияны меңгеруді үйрететін бағдарламар бар. Студенттер сала бойынша білім алып, келешекте жобаларына инвестиция тартып, құрылғыларын түрлі салада қолдана алады.

Шыңғыс Нұрғожаев, Талдықорған Жоғары политехникалық колледжінің директоры:

Бұл дрондарда бізде жасанды интеллект пен бинокулярды көздері бар. Соның арқасында егістіктің толықтай картасын сызып, қай жерде дәнді дақылдар өсіп жатқанын, зиянкестердің түрлерінің картасын жасауға болады. Соған сәйкесінше, әр гектарына байланысты дәрілеуге де болады. Колледжімізде зауыттың кішігірім иммитациясы жасалынған. Конвеер жолағы бар. Сол жерде біздің студенттер дрондарды жинаудың дағдыларын игеріп шығады.

Осындай жобалар «Жұмысшы мамандықтар қаласына»  келген қонақтардың қызығушылығын оятты.

Бұл фестиваль оқушыларға мамандық таңдауға, ал студенттерге жұмыс орындарымен танысуға мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналып отыр.

Темірлан Нұржанұлы


Хабарламаларға жазылу