Түркістанға ерекше мәртебе беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанға ерекше мәртебе беріледі

13.02.2025

Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілмек. Сенат заң жобасын мақұлдады. Құжатқа сәйкес Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында 7 метрден биік ғимарат салуға тыйым салынады. Ал жаңа нысандардың түр-түсі тарихи ескерткіштермен үйлесуі шарт. Сондай-ақ археологиялық мұраларды қорғау мақсатында арнайы резерват құрылмақ. Жергілікті әкімдікке жаңа өкілеттіктер беріледі. Енді мемлекеттік қажеттіліктер үшін алынған жерлерді уақытша жеке құрылыс компанияларына мектеп, аурухана және балабақша салу үшін пайдалануға болады. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында туризм нысандарын салу және жаңарту, жол бойындағы сервисті дамыту және жолаушылар автобустарын сатып алу шығындарының бір бөлігі өтелмек. Сонымен қатар қолөнер шеберлеріне субсидия беріле бастайды. Бұл кәсіппен қалада 30-дан астам адам айналысады. Олардың жұмысын қолдауға шамамен 90 млн теңге қажет. Былтыр Түркістанға 1 миллионнан астам турист келген. Жаңа бастамалар бұл көрсеткішті жылына 2 миллионға дейін жеткізуге көмектесуі керек.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

Жаңа норма аясында Түркістан шаһарын еліміздің сәулет, рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретінде дамыту үшін кешенді шаралар көзделген. Осыған байланысты орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілеттіктері қайта қаралды. Сонымен қатар инженерлік, көліктік, әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері жан-жақты реттеліп отыр.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу