Жамбыл облысында 8 мектептің құрылысы тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 8 мектептің құрылысы тоқтап тұр

12.02.2025

Миллиардтар бөлінген білім беру нысандарының құрылысы қашан аяқталары тіпті беймәлім. Мәселен, Тараз қаласындағы №15 гимназияның оқушылары былтырдан бері үш мектепке бөлініп, оқып жатыр. Мәселе қалай шешілмек,  әріптесім Данияр Әлімқұл құрылыс басында болып қайтты.

Тараздағы №15 мектептің оқушылары қаладағы үш мектепке көшірілген. Өйткені өз мектебінде құрылыс жұмыстары созылып, енді өзге жерде өгейдің күйін кешіп жүр. Оқушылар сыныптарға сығылысып, мұғалімдер дәлізде отыруға мәжбүр. 

Ақбота Мұхамбетқұл, оқушы:

Мектебімізге қайта оралуымызды асыға күтіп жүрміз.  Басқа мектепке оқыған ыңғайсыз әрине. Екі жақтан да оқушылар шығып жатады. Асханада екі мектептің оқушылары бірге жүреді. Бір жағынан ыңғайсыз, кішкентай балалар да көп болады.

Рахима Бөлекбаева, №15 мектеп-гимназия директоры:

5 жыл бойы біз осы нысанды сұрап жатырмыз. Өйткені контингент өсіп кетті. Ғимарат бізге өте қажет боп жатыр. Ең біріншіден - оқу процессін дұрыс жүргізуге, екіншіден, ата-ана қиналып жүргені бір отбасында үш бала бар, үш мектепке тасиды. Оларды күтіп алады, сол қиындық болып тұр.

Былтыр мамырда басталған қосымша нысан құрылысы үш айдан кейін тоқтаған. Салдарынан жылудан ажыратылып, 750 баланы жан жаққа бөліп жіберген.

№15 мектептің қасындағы 300 орынды қосымша ғимараттың қазіргі қалпы осындай. Қызыл кірпіші қаланып, қырлы бетоны қойылған. Білім нысаны былтыр бой көтеруі тиіс еді. Бірақ құрылысы бар-жоғы 35% аяқталып, балалар игілігіне берілмей тұр.

Басқармадағылар 2,2 млрд теңгенің тендерін ұтқан мердігер жұмысына салғырт қарады дейді. Бүгінде қаржының алдын ала бөлген үштен бір бөлігін кәсіпкерден кері қайтарудың қамына кіріскен.

Әлібек Аманбай, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

«Шебербилд» мердігер мекемесі. Былтыр өзінің келісімшартына сәйкес 700 млн теңгеге жуық форма емес, аванс түрінде жіберген болатынбыз.  Жосықсыз мердігер. Бітірген жоқ. Өзінің міндеттерін келісімшартта орындаған жоқ. Сол себептен бюджетке қайтаруы тиіс деп сотқа бердік. Сот бізді мақұлдады.

Жалпы, аймақта құны 4 млрд теңгеге жуық 9 жоба тоқтап тұр. Оның біреуі ауылдық амбулатория, қалғаны білім нысандары. Бір қызығы сегізінің құрылысы басталмай жатып тоқтаған. Өйткені серіктестіктер бір-бірін сотқа сүйреп әуре. Сондықтан құрылысқа қашан қан жүгіретіні белгісіз.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу