Түркияның бірнеше қаласы цунамиден сақтана бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның бірнеше қаласы цунамиден сақтана бастады

12.02.2025

Түркияның Измир, Айдын және Муғла қалаларында цунами қаупін алдын ала ескертетін жылжымалы дабыл жүйесі орнатылды. Сондай-ақ жергілікті Табиғи апаттарға қарсы күрес басқармасының жұмысы күшейтілген режимге көшірілді. Бұл сақтық шаралары Түркияның Эгей теңізі бөлігінде жер дүмпулерінің жиілеп кетуіне байланысты қолға алынып отыр. Бұдан бөлек соңғы күндері елдің батысында теңіз суы жағалаудан ондаған метрге тартылып кеткен. Мамандар бұл да жиілеп кеткен жер сілкіністерінің кесірінен болуы мүмкін, деп болжап отыр. Соңғы бір айда Түркия мен Грекия арасындағы теңізде мыңнан аса жер тербелісі тіркелген. Қазір екі елдің ғалымдары қуатты жер сілкінісі мен цунами болуы мүмкін бе деген мәселені зерттеп жатыр.

Гонжа Құсшы, Муғла университетінің профессоры:

2011 жылы да дәл осындай сейсмикалық белсенділік байқалып, ол бір жылға дейін жалғасқан еді. Алайда ол кезде адамдарға ешқандай қауіп төнген жоқ. Біздің зерттеулеріміз бойынша Эгей теңізіндегі Санторини жанартауы 30 мың жылда бір рет оянып, атқылайды. Егер осы жер дүмпулерінің кесірінен ол жанартау атқылайтын болса, еліміздің батысына ғана емес шығысына да зияны тиюі мүмкін.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу