Басты Жаңалықтар Наурызнама: Бүгін — Ынтымақ күні

Наурызнама: Бүгін — Ынтымақ күні

Қарағанды қаласында Наурыз мерекесі жылдағыдан ерекше тойлануда. Орталық саябаққа жиналған жұртшылықтың биыл қарасы қалың. Тұрғындар ұлттық астан ауыз тиіп, қазақтың салт-дәстүр мен өнері тоғысқан киіз үйлерді аралауда.

Наурызнама он күндігінің бүгін сегізінші, яғни Ынтымақ күні. Мереке қарсанында Қарағандылықтар орталық саябаққа жиналып, ынтымақтың саясында Ұлыстың ұлы күнін тойлауда. Қаланың қақ ортасында алып шатыр бой көтеріп, ел үшін ерекше концерт ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтармен қатар шеберлер де халық мұрасын паш етті.

Перизат Құлымбетова, қала тұрғыны:

Жылдан жылға жаңашылдық, ерекшеліктер пайда болып жатыр. Тек қана облыс емес Республикамыздың түпкір-түкпірінен қонақтар келіп, бұйымдарын ұсынуда. Барша қазақ халқын Ұлыстың Ұлы күні наурыз мерекесімен құттықтаймын.

Алып шатыр - қазақ құндылығын бойына сіңірген үлкен ауыл секілді. Ішінде жастар асық атып, арқан тартса, арнайы роботтар қыз қуып дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын көрсетуде. Мерекелік кешке облыс әкімі де арнайы қатысып, тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысының әкімі:

Ұлыс біріктірген ұлы күні ауызбіршілігіміз нығайып, жасампаз қоғам қалыптастырайық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай ол қарапайым дүниеден, жақсы ойдан, дұрыс істен басталады. Наурыз мерекесі құтты болсын.

Ынтымақ күні тұрғындар өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен ән кешіне қатысып, сахналандырылған көріністерді тамашалады. Қол өнер шеберлерінің көрмесіне көз жүгіртіп, ұлттық астан ауыз тиді. Артынша аламан айтыс өтіп, ақындар суырып-салма өнердің озық үлгісін көрсетті.

Бөлісу