Қызылорда облысы Шиелі ауданында мектеп оқушыларына тазалық мәдениеті насихатталды. «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында табиғат қорғаушылары білім алушылармен кездесіп, қоршаған ортаны күтіп ұстау тақырыбында тәрбие сағатын өткізді.
Елімізде ауқымды экологиялық науқан басталғалы жастар да белсенділік танытып, бірқатар игі бастамаларға ұйытқы болып жүр. Ауданның руханият орталығындағы кездесуде орман және жануарлар дүниесі мекемесінің мамандары оқушыларға дұрыс көшет отырғызу, жасыл желекті күтіп-баптаудың қыр-сырын айтып, ақыл-кеңес берді. Аудан жастары «Таза Қазақстан» экоакциясына әрі қарай да белсенді атсалыспақ.
Ержан Әбдешов, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:
Ауданымыздың экологиялық ахуалын жақсарту, тұрғындарды мәдениетке, тазалыққа ұйымдастыру - мақсатымыз. Сонымен қатар ауданда жастар ұйымдары бүгінгі күні қарт аналарға, қарт кісілердің үйлеріне барып қолдау көрсетіп, ауласын тазартып қора-қопсыны реттеп беріп жатыр.
Ал Алматыда «Таза Қазақстан» акциясы аясында ерекше экологиялық жоба қолға алынбақшы. Eco Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджановтың сөзінше, қоршаған ортаны қорғау мақсатында эко-тректер ұйымдастырылады. Арнайы безендірілген көліктер тұрғын үй кешендеріне, оқу орындарына, түрлі мекемеге барып, халықты экологиялық мәдениетке үндейді.
Әділбек Серікұлы