Ақтөбеде соңғы он жылда оқырмандар саны екі есеге артқан
«Кітап оқитын жастар азайды, кітапханалар қажет пе өзі?» деген пікірді сіз де ара-тұра естіп қалған боларсыз? Дегенмен мамандар бұл пікірдің мүлде қате екенін айтып отыр. Мәселен, Ақтөбе облысы тұрғындарының үштен бірі кітапханаға барады. Әріптесім Жақсыбек Кемал оқырмандармен тілдесіп, кітапханашылар жұмысын көріп келді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Ақтөбе облысында 233 кітапхана жұмыс істеп тұр. Кітап қоры 3,5 млн шамасында. Кітапханашылар қазір оқырмандар саны аз деген пікірмен келіспейді. Өйткені соңғы он жылда екі есеге артқан.
Тек Ақтөбе қаласының өзінде 18 кітапхана бар. Біз олардың кейбіріне әдейілеп бас сұқтық. Келушілердің негізгі бөлігі жастар екенін көрдік. Студенттер мен оқушылар көбіне сабағына қажетті материалдар іздейді екен. Дегенмен тұрақты түрде келетіндері де баршылық.
Аяулым Ниязбекова, оқырман:
Әрдайым осында келіп, оқып, уақытымды бөлемін. Жалпы бұл кітапханаға көңілім толады, адамдар лық толы. Кейде орын да болмай қалады. Өйткені бұл кітапхананың өз ұжымына, аурасына байланысты деп ойлаймын.
Әлеуметтік зерттеулер елімізде егде жастағылардың оқуға деген құштарлығы жоғары екенін көрсеткен. Яғни тұрақты түрде кітапханаға келетіндердің алпыс пайызы - зейнет жасындағылар. Олардың көбі кітап оқуды жас күнінен әдетіне айналдырған.
Нұрболат Құлшаров, колледж оқытушысы:
Көбісі бүгінгі әлеуметтік желілерге шығатын ақпаратқа назар аударып, кітапты екінші орынға қойып қояды. Дей тұрғанмен де өмірде өлмейтін кітап, жазылып қалатын кітап.
Кітапханашылар соңғы жылдары өздерінің жұмысы көбеймесе, азаймағанын айтып отыр. Өйткені заман талабына бейімделіп, оқырмандардың көңілін табу оңай емес. Сондықтан олар ара-тұра естіліп қалатын кереғар пікірлерге мүлдем қарсы.
Ақтоты Қорғанбайқызы, кітапханашы:
Кітапхана жабылу керек дегенді кітап оқымайтын, мүлде кітапханаға келмейтін адам айтады деп ойлаймын. Өйткені қазіргі таңда үлкен кісілерге дейін кітапты жақсы оқиды. Кітапханаға күніне тұрақты түрде 100-ден аса адам келіп, тіркеліп жатады.
Кітапханалар шығармаларды арнайы сайт пен әлеуметтік желі арқылы да оқырмандарға ұсына алады. Қазір өңірдегі бес кітапханада кітаптар сандық форматқа көшіріліп жатыр.
Нұршат Өмірзақова, ақпараттық-сервистік қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі:
С.Бәйішев атындағы біздің кітапхана бойынша алты мыңнан астам кітап электронды форматқа көшірілді. Ол – үлкен еңбектің нәтижесі. Сканерлеп, кітапты көшіру – оңай жұмыс деп айтуларыңыз мүмкін. Дегенмен оның артында үлкен еңбек жатыр, қаншама энергия жатыр.
Осыдан он жыл бұрын облыстық кітапхана оқырмандарының саны 17 мың болған. Ал қазір 30 мыңға жетті. Демек уақыттың өзі кітапхананың халықтың рухани, мәдени өмірінен ерекше орын алатынын дәлелдеп берді.
Жақсыбек Кемал
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
