Ақтөбеде иесіз қалған тазы мен алабай ит көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде иесіз қалған тазы мен алабай ит көбейген

30.01.2025

Ақтөбеде иесіз жүрген асыл тұқымды иттер көбейген. Оларды иелері керек қылмай, көшеге шығарып жіберуде. Қазірдің өзінде үй жануарларын уақытша ұстау орнында осындай 10-ға жуық төбет пен тазы бар. Бұған дейін көбі ұрықсыздандырылып, сырға салынған соң бостандыққа жіберілген. Қазақы ит тұқымының жанашырлары таза қанды тазыларды далаға тастамаудың жолдары қарастырылса, дейді.

Думан Маратұлы  - қазақы ит тұқымын сақтап, оны көбейту үшін еңбектеніп жүрген жандардың бірі. Оның тазыларынан тараған құмайларды ауыл-аймақтарда аңшылар мен ит жанашырлары асырап, баптап отыр. Думанның айтуынша, тазыға адамға қарағандай қарау керек. Ал оны керек қылмай, далаға тастап кететіндерге тоқтау салынғаны жөн.

Думан Маратұлы, қала тұрғыны:

Асырағаннан кейін оған иесі жауапкершілікте болуы керек деп ойлаймын. Енді тазыны аңшы адам асырайды деп ойлаймын. Ал қаңғытып жіберіп жатқан адамдар - жәй қызығушылықпен, жас балалар, мысалы. Ит ататын уақыттарда соны танымай, атып тастап жатқан жағдайлар болып жатыр. Небір тазылар, төбеттер кетіп қалып жатыр, өкініштісі сол.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қала тұрғындарының бірі асыл тұқымды мына тазының өзін керек қылмаған. Сондықтан осында әкеліп тастаған. Енді мамандар мұнда екі апта ұстап, ешкім алып кетпесе, бостандыққа жібереді.

Бұл орталыққа бір мезгілде 70 итке дейін қамалады. Осында 12 күн тұрады. Осы аралықта құлағына сырға салынып, ұрықсыздандырылып, ауланған жеріне қайта жіберіледі. Мамандардың айтуынша, соңғы кездері алабай, төбет тұқымды иттерді керек қылмай, аулаққа апарып тастайтындар көбейген. Оған ит төбелестіруге тыйым салынғаны да себеп болып отыр екен.

Шахидолла Рахимов, облыстық Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

Видеокамера көбейгелі шығару көбейіп келе жатқан сияқты. Сонымен бірге бұрын ит төбелестіру бағытында ұстаған адамдар болды, қазір  заңға сәйкес оның бәрі қысқартылды. Қазір қызығушылық жоқ, соның бәрі шығарылып жатыр. 

Соңғы бір жыл ішінде өңірде 13 мыңнан аса бұралқы ит ауланған. Оның қаншасы асыл тұқымды екенін мамандар дөп басып айта алмады. Өйткені арнайы есеп жүргізілмейді. Сондықтан иесі бар иттер есепке алынып, оларға арнайы чип тағылып жатыр. Биыл иесіз жануарларды аулап, уақытша ұстауға және ұрықсыздандыру жұмыстарына 100 миллион теңге бөлінді. Ит аулайтын 10 бригада жұмыс істейді.

Бердімұрат Бекжанов, облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

Енді, міне, алайбаларды қарасаңызшы, түрінің өзі қорқынышты. Кішкентай балаларға тіптен қорқынышты. Заң бойынша біз қоршаған ортаға, өзінің ортасына қайта жіберуіміз керек қой. Бізде қанша жіберілгені туралы ақпарат жоқ. Бірақ сол иттер қайта келіп түсіп жатыр. Демек, қоршаған ортаға зиян келтіріп тұр ғой.

Иесіз жүрген иттерді аулауға қатысты тәулігіне 30-40 өтініш түседі. Тұрғындар, әсіресе, иесіз жүрген алабай, неміс төбеті секілді иттерден қорқады. Ал Думан Маратұлы бүгін уақытша ұстау орталығындағы иесі керек қылмаған тазыны өз күтіміне алу үшін бармақ. Ол өзі секілді жандардың көптеп табыларына сенеді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу