АҚШ-та жүрген 369 қазақстандық азаматтың ұсталып, депортацияланатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев хабарлады. Дегенмен вице-министр Америкада заңсыз жүргендерге өз еркімен шығуы туралы ескертілгенін айтты. Ал бұл мүмкіндікті пайдаланбайтындар үшін мәжбүрлеп депортациялау тетігі қолданылуы мүмкін. Олар үшін болашақта Америкаға сапарлау қиынға соқпақ. Еске салайық, АҚШ үкіметі заңсыз иммиграциямен күресті күшейтті. Ал Америка құрама штаттарында заңды жолмен қалудың қандай амалы бар? Ең алдымен грин-карта ұтып алған азаматтарға ешқандай шектеу болмайды. Сондай-ақ, туристік, студенттік және жұмыс бабымен алынған виза иелері құжат мерзіміне қарай емін-еркін жүре алады. Біз осы жөнінде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрып жатқан отандасымызбен тілдескен едік.
Сания Ерзатқызы, АҚШ-тағы Қазақстан азаматы:
Заңды түрде 5 жылға берілді. Заңды түрде Америкада оқуға және жұмыс жасауға біздің рұқсатымыз бар. Трамп басшылыққа келгелі бері осындай көптеген, әсіресе Мексика арқылы заңсыз кірген иммигранттарды шығарып жатыр дегенді естідім. Жұмысқа рұқсаты бар болса, құжаттары бар болса, емін-еркін елдің ішінде жүріп-тұрып, жұмыс істеуіне болады.
Айта өтейік, АҚШ-тың иммиграция және кеден қызметі былтыр 9 айда 13 отандасымызды заң бұзғаны үшін қамауға алған. Сондай-ақ, 23 қазақстандық елге депортацияланды. Соңғы 3 айдың қорытындысы жуырда жарияланады.
Айя Мүтәлі
