Еліміздегі коммуналдық инфрақұрылымдардың сапасы оңып тұрған жоқ. Ал ондағы апаттың жиі қайталануы ел абыройына нұқсан келтіреді. Осылай деген Президент бұған жол берген мемлекеттік қызметкерлердің жауапсыздығы мен біліксіздігін сынады. Ал тұрғындарды ұдайы су, жарық және жылумен қамту үшін тариф бағамы нарық талаптарына сай болуы керек. ТМД елдері бойынша бүгінде ең арзан баға Қазақстанда. Бұл экономикаға кері әсер етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?! Көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын жұрттың бәрі көріп отыр. Өз кезегінде бұл қылмыстың етек алуына негіз болады
Қасым-Жомарт Тоқаев: Тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау қажет
Баспана нарығына да реформа қажет. Жыл сайын жүз мыңнан астам пәтер салынғанымен, үйге мұқтаж азаматтар саны азаймай тұрғанына тоқталды. Сондай-ақ, қала құрылысын жоспарлаудан бастап, пәтер кілтін алғанға дейінгі барлық процесті онлайн бақылауға болатын арнайы жүйе енгізіледі. Мұны Мемлекет басшысы жыл соңына дейін әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес.
Президент ескерту жасады
Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі лақап атпен ел абыройына нұқсан келтіріп жүрген азаматтарға да ескерту жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе»
140 млрд теңгені орынсыз жұмсамақ болған
Әлеуметтік салаға бөлінген қаржыны оңды-соңды жұмсайтындар да аз емес. Медицина мамандары былтыр 140 млрд теңгені дәл осылай талан-таражға салмақ болған. Алайда орынсыз шығын дер кезінде анықталып, ақша тиімді жұмсалды. Денсаулық сақтау саласындағы проблема мұнымен бітпейді. Көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысына президенттің көңілі толмай отыр. Жоспар бойынша жөндеу көруі тиіс 32 аурухананың тең жартысында құрылыс әлі басталмаған. Ал МӘМС жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын жазға қарай қабылдауды тапсырды.
Шаруаларға жеңілтелген несие беру үшін 700 млрд теңге бөлінеді
Ал егіс науқаны кезінде шаруаларға жеңілдетілген несие беру жалғаса береді. Биыл оған 700 миллиард теңге бөлінеді. Президент арзан кредит малшыларға да үлестіруді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек. Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет.
Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне мемлекеттік тапсырыс көбейеді
Техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру үшін салаға көбірек инвестор тартылады. Оны мемлекеттік тапсырыс көлемін 22 млрд теңгеге арттыру арқылы іске асырмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ, сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет. Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс.
«Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосылады
Ал халықпен байланысқа шығып, олардың мұң-мұқтажын тыңдайтын жергілікті атқамінерлер кемде кем. Әкімдерді ашық сайлаудың өзі олардың арнайы дайындықтан өтуі қажет екенін көрсетті, дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде. Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады.
Президент бүгін 8 негізгі басым бағытты атады. Ал бұл міндетті орындауға 5 жыл уақыт берді. Үкіметті бір сілкіп алған Мемлекет басшысы енді олардан нақты нәтиже күтетінін айтты. Әрі мемлекеттік қызметке ел мүддесін ойлайтын отаншыл білікті мамандарды тарту қажеттігін атап өтті.
Айя Мүтәлі