Мемлекет коммуналдық төлемдерді төлеуге көмектеседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет коммуналдық төлемдерді төлеуге көмектеседі

24.01.2025

Коммуналдық қызмет ақысы тағы қымбаттайды. Әбден ескірген инфрақұрылымды желілерді жаңартқан соң Үкімет тарифтерді біртіндеп көтермек. Ал бұл нысандарды толығымен жөндеу үшін 13 трлн теңге қажет. Сонымен тариф қаншалықты өседі? Көптен күткен АЭС құрылысы қашан басталады? Үкіметте өткен баспасөз жиынынан Айя Мүтәлі тарқатады.

Айя Мүтәлі, тілші:

Еліміздегі коммуналдық желілердің сапасы көңіл көншітпейді. Мәселен, 470 шақырымдық электр желілерінің 70 пайызы тозған. Ал жылу құбырларының 53 пайызы әбден ескірген. Үкімет бұл нысандарды жаңарту үшін алдағы 5 жылға арнайы жоспар әзірледі. Оған 6,8 трлн теңге жұмсалады. Қаражат екінші деңгейлі банктерден, ұлттық және халықаралық қаржы ұйымдарынан тартылады. Сондай-ақ зейнетақы қорынан да алынады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрдің орынбасары:

Әр көзден тиісті қаржы тартылады. Зейнетақы қоры да бар. Инфрақұрылым қаржы өзін-өзі ақтайтын ең сенімді салалардың бірі болып есептеледі. Сондықтан ол мәселе де қарастырылады.

Коммуналдық қызмет ақысы біртіндеп өседі

Ал желілерді жаңарту тарифке әсер етеді. Десе де Үкімет халықтың қалтасына салмақ түсірмейтіндей баға белгілемек. Тариф өскен жағдайда аз қамтылған отбасыларға мемлекет көмектеседі. Яғни жалпы шығыны жанұя табысының 5 немесе 10%-нан асса, коммуналдық төлемнің бір бөлігін өтейді.

Арман Қасенов, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

Біз арнайы есеп жүргіздік. Болжамға емес, талдауға негізделген есеп. Біз тарифтердің қандай пайызға өсетінін білеміз. Тариф минималды түрде біртіндеп өседі. Біз оған кепілдік береміз.

АЭС-ті қай мемлекет салатыны маусымда белгілі болады

Президент электр тапшылығын жою үшін атом электр станциясының құрылысын тездетуді тапсырған еді. Қазір төрт елмен келіссөз жүріп жатыр. Дәлірегі Энергетика министрлігі Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей және Францияның технологиясымен танысып шықты.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Қажет жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірнеше сұрақ дайындап қойдық. Ол бойынша кері байланыс беріледі. Бірінші жартыжылдықтың соңында сол жұмыстар бойынша нәтиже шығарылып, алдын ала нәтиже белгілі болады. Бірінші жартыжылдықтың соңында, шамамен маусым айында вендор анықталады.

Айя Мүтәлі, тілші:

Осылайша Үкімет бүгін АЭС құрылысы үшін консорциум құрылатынын тағы бір мәрте растады. Ал инфрақұрылым желілерін жаңғырту бойынша 5 жылдық жоспар іске асса, нысандардың тозу деңгейі 70 пайыздан 50-40 пайызға дейін төмендейді.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу