Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс беки түсті. Сарапшылар әсіресе, Си Цзиньпиннің елімізге жасаған мемлекеттік сапары нәтижелі болды дейді. Қытай бүгінде Қазақстанның ең ірі инвесторларының төрттігіне кіреді. Қос елдің дипломатиялық қатынастары жайында Айя Мүтәлі тарқатады.
Айя Мүтәлі, Тілші:
Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланысқа биыл 33 жыл. Осы уақыт ішінде қос ел бір-бірінің негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналып үлгерді. Мемлекет басшылары да жиі жүздесетін болған. Қытай төрағасы былтыр Астанаға мемлекеттік сапармен келіп, Қазақстанның халықаралық аренада орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық беретінін, сенімді тірек болатынын айтты.
Айдар Құрмашев, ҚР ҚСЗИ азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы:
Қазақстанды осындай мемлекет ретінде мойындау үлкен мәртебе. Сонымен қатар үлкен жауапкершілік деп айтуға болады. Себебі көптеген жаһандық жиналыстарда Қазақстанның бастамаларының іске асырылуына мүмкіншіліктер ашылып отыр.
Осылайша қос ел Астанадағы кездесуде 31 құжатқа қол қойды. Көптен күткен халықаралық Транскаспий дәлізі арқылы алғашқы көлік керуенін аттандырды. Ол Шығыс пен Еуропаны байланыстыратын мультимодальды бағыт. Мұнда теміржол да, теңіз жолы да, құрғақ порт та бар.
Қазбек Майгелді, Қытай зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы:
Бұл мемлекетіміз Транскаспий халықаралық дәлізі бағытында еліміздің тек қана транзиттік әлеуеті емес, сонымен қатар көлік логистикасын нығайтуды басты назарға қойып отыр. Себебі әлемдік нарықта көлік логиситикасын дамыту өте маңызды.
Яғни қазақстандық жүк көліктері Қытайдың кез-келген қаласына емін-еркін кіріп-шығады. Бұл екі ел арасындағы алыс-берісті көбейтпек. Өзара тауар айналымы былтыр 11 айда 27,1 млрд долларға жеткен. Ендігі меже оны 100 млрд долларға ұлғайту. Көрші елге көбіне мұнай-газ өнімдері мен астықты экспорттаймыз. Ал Қазақстанға техника, автокөлік және киім-кешек келеді. Қытай Қазақстанға тағы инвестиция салуға мүдделі.
Айбар Олжай, сарапшы:
Қытай менің ойымша біздің жерімізде көптеген күн электростанцияларын салуға мүдделі. Өйткені бізде бос жатқан жер көп. Оларға күн станциясын қойып қойса панельдер арқылы одан көп электр энергиясын алуға болады. Қытай атом электрстанциясын салуға да дайын. «Хуам1» реакторлары ең арзан болып саналады. Соңғы үлгіде сапалы.
Айя Мүтәлі, тілші:
Қазақстан мен Қытай арасында бұған дейін де жасалған маңызды келісім аз емес. Визасыз режимнің енгізілуі, темір жол өткізу бекітін ашу сынды өзара сенімге негізделген құжаттар бекіді. Одан бөлек өткен жылы Қазақстанда Қытайдағы туризм жылы атап өтілді.
Айя Мүтәлі