Жоғары кернеулі электр қуаты желісімен жұмыс істейтін мамандардың қызметі ең қауіпті жұмыстың бірі саналады. Көкшетау аумақтық торабындағы білікті электр жабдықтаушының бірі Николай Киселёв энергетика саласында 28 жыл табан аудармай қызмет етіп келеді. Ал Әнуар Елтаев - жас маман. Сұраныс жоғары мамандық иелерімен тілшіміз сұхбаттасты.
Николай Киселёв – өңірдің энергетика саласында еңбегімен елеулі әулеттен шыққан. Ол осы салаға ағасының жолын қуып келсе, бүгінде ұлы да өзінің ізін басып келеді. Білікті электромонтёр 1000 киловольт жоғары кернеулі электр желілерін жөндеумен айналысады. Сондықтан өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайды. Жастармен де тәжірибесімен қуана бөліседі.
Николай Киселёв, электр жабдықтаушы:
Мен әуе электр жеткізу желілеріне техникалық қызмет көрсетемін. Соның ішінде 1150 киловольт әуе желілерін жөндеймін. Одан бөлек Қазақстан бойынша 10 киловольттан бастап 500 киловольтқа дейін әуе желілерін салуға, қайта құруға қатысып тұрамын.
Жоғары кернеулі қуат көзімен жұмыс істейтіндер үшін әр күннің тосын жағдайсыз өтуі өте сирек. Сондықтан әр маман ең бірінші қауіпсіздік ережелеріне баса мән береді.
Әнуар Елтаев, слесарь:
Мен автотрансформаторларды, реакторларды, ажыратқыштарды сол сияқты қондырғыларды жөндеумен және қызмет көрсетумен айналысамын. Сол жоғары кернеулі тоқпен жұмыс істегендіктен, ең бастысы - ол қауіпсіздікті сақтау керек.
Әнуар жас болса да, электрослесарь ретінде әжептәуір біліктілігін көрсетіп жүр. Ең бастысы ол өз ісіне жауапты. Бүгінде елімізде жұмысшы мамандары тапшы десек, энергетика салысында білікті мамандарға деген сұраныс та жыл санап артып келеді.
Бибінұр Әмірханқызы
