«Таза Қазақстан» акциясы қазақстандықтарды біріктірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза Қазақстан» акциясы қазақстандықтарды біріктірді

09.01.2025

Бірнеше айдың ішінде 4 млн-ға жуық азамат 1 млн тоннадан астам қоқыс жинады және 3 млн түп ағаш отырғызды. Бұл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының нәтижесі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында науқанның маңыздылығына тоқталып, оның туған табиғатқа қамқорлық жасау идеясының төңірегінде қоғамды біріктіре алған игі бастама екенін айтты. Акция аясында аббатандыру жұмыстарымен қатар, заңсыз қоқыс полигондарын жою жұмыстары да атқарылды.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Міне осыдай азғантай ғана қоқыс жинала берсе үйіндіге айналып, қаланың, елдімекеннің көркін кетіреді. Сөзіме айқын дәлел, биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында волонтер мен белсенді азаматтар еліміз бойынша 1 млн тоннадан астам қоқыс жинаған.

Наурыз айында басталған республикалық науқанға 4 млн-ға жуық адам ат алысты. Эколоиялық акция аясында жиналған 1,5 млн тоннаға жуық қоқыстың барлығы бірдей полигондарға шығарылған жоқ. Оның шамамен 30 пайызы кәсіпорындарда қайта өңделіп жатыр. Мәселен мынадай шыны, пластик, қағаз бен полиэтиленді дұрыстап өңдесе бір емес тағы бірнеше рет кәдеге жарайды.

Шасалин Шагалинов, кәсіпкер:

Қазақстанда жылына 100 мың тонна пластик өнімдер қоқысқа тасталады. Барлығымызға мәлім олардың ыдырауына кем дегенде 200 жыл керек. Экологияға залал келтірмеудің жалғыз жолы оларды қайта өңдеу. Біз күніне 500 келі пластикті пен шыныны ұнтақтап, дайын өнім шығаратын кәсіпорындарға тапсырамыз. Олар одан синтетикалық жіп, бөтелкелер, линолеум, синтепон жасайды.

«Таза Қазақстан» акциясына түрлі сала мамандары, студенттер тіпті, мектеп оқушылары ат саласып жүр. Олар көңіл көтерер ойындар мен логикалық жарыстар ұйымдастыра жүре экологиялық ахуалды жақсартуға қолқабыс етті. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелерде де белсенділік тынытты.

Мерей Қалел, волонтер:

Біз экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, әлеуметтік жағынан да көмектесеміз. Мәселен мұқтаж жандарға, қарияларға аулаларын жинауға, ағаш отырғызуға, қар күреуге көмектесеміз. Сонымен қатар біз спорттық іс-шаралардан кейін қоқыстарды жинаймыз.

9 айда республика бойынша 3 млн түп ағаш отырғызылды. Мыңдаған заңсыз қоқыс полигондары жойылды.

Жазира Жаһанова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

2024 жылы республика бойынша, ғарыштық мониторинг арқылы 4 892 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Олардың 4 299-ы немесе 88 пайызы жойылды.

Тиісінше экологиялық нормаларды бұзғаны үшін 159 лауазымды тұлға, нақтырақ айтсақ 60 аудан және қаланың әкімі мен орынбасары жауапқа тартылды. «Таза Қазақстан» акциясының тағы бір жаңалшылдығы ол – TazaQazBot телеграм чатының іске қосылуы. Аталған чатқа шілде айынан бастап 7 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Өтініштердің басым бөлігі аумақтарды жарықтандыру, абаттандыру, тазалау, көгалдандыру мәселелері. «Таза Қазақстан» акциясы биыл да жалғасады. Науқан 2029 жылға дейін жоспарланған.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу