Жаңа жылдан бастап Қазақстан мен Өзбекстан арасында қатынайтын «Jibek joly» туристік пойызының бағыты кеңейді. Бұрын үш қалаға аялдайтын пойыз, енді бес шаһарды аралайды. Жолаушылар саны да едәуір артып отыр. Бұл жолы қазақстандық 150 саяхатшы сапарға шықты.
Қос елдің туристік байланысты белсенді дамытуы биыл да жалғасады. Мұның дәлелі «Jibek joly» пойызының екінші рет жолға шығуы.
Алдыңғы құрам Алматы, Түркістан және Ташкент қалаларын қамтыған. Енді оған тағы 2 қала – Шымкент пен Самарқан қосылды.
Айша Шәкенова, туристік агенттік өкілі:
Әр қалада күндіз шолу экскурсиялары болады және солардың барысында қаламен толығырақ жақсы танысуға мүмкіндік болады әр туристе. Біз туристік оператор ретінде алдымен өзіміз барып сынап көруді жөн көрдік.
Алматыдан шыққан пойыз Шымкент пен Түркістанға бір тәуліктен аялдап, саяхатшылар тарихи орындарды аралады. Мұнан соң бауырлас елдің бас қаласы Ташкентте тоқтап, шахардың тыныс тіршілігімен танысты. Тағы бір аялдайтын орын Әмір Темір жатқан киелі Самарқан қаласы.
Шухрат Исақұлов, туризм комитетінің басқарма басшысы:
Темір жол көлігімен саяхаттау әуе транспортына қарағанда анағұрлым арзан, оның үстіне кей азаматтар ұшақпен ұшуды аса ұнатпауы мүмкін. Пойызбен жолға шығудың өзіндік жақсы жақтары жетерлік, жолаушылар жол жөнекей әсем табиғатты, тарихи мекендерді асықпай көзбен көріп өтеді.
Туристік пойыз бес вагоннан құралған. Келешекте вагондар санын 20 –ға, ал жолаушылар қатарын 700-ге жеткізу жоспары бар. Саяхат бағытына Бұқара, Хиуа сынды тарихи шахарлар қосылуы мүмкін.
Базаргүл Отыншиева
