Келесі жылы Астанада боччадан халықаралық турнир өтеді. Оған 20-ға жуық елдің параспортшылары қатыспақ. Сенат төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті бүгін спортшылармен және жаттықтырушылармен кездесуде осылай деді. Мәулен Әшімбаев федерацияның қызметін қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. Биыл боччадан ашық республикалық турнир, Қазақстан чемпионаты мен ел Кубогы үшін жарыстар ұйымдастырылған. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешілер ресми аттестациялаудан өтті. Ұлттық құрама жаңартылды. Қазіргі таңда 20 өңірдің 11-інде бочча үйірмелері ресми түрде жұмыс істеп тұр. 12 параатлетші «Қазақстанның спорт шебері» атанды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті:
Боччаны дамыту елімізде ынтымақтастық, өзара түсіністік және инклюзия мәдениетін қалыптастыру жолындағы озық үлгілердің бірі екені анық. Боччаның паралимпиадалық спорт түрі екенін ескерсек, біздің параатлеттеріміз үшін алдағы уақытта әлемдік ірі сайыстарға қатысуға мүмкіндік мол. Сіздердің табандылықтарыңыз бен ерік-жігерлеріңіз әрдайым жарқын жеңістерге жетелейді деп сенемін.
Айя Мүтәлі