Гвинея-Бисау президенті Қазақстанға ресми сапармен келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гвинея-Бисау президенті Қазақстанға ресми сапармен келді

18.12.2024

Қазақстан мен Гвинея-Бисау көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдаланбақ. Осы ретте Транскаспий дәлізі мен Бисау портын ұштастыру жолдарын зерделеуге келісті. Елордаға ресми сапармен келген Умару Сисоку Эмбаломен тағы қандай келіссөздер жасалды? Қос елді не байланыстырады? Ақордада өткен ресми кездесуден Айя Мүтәлі тарқатады.

Гвинея-Бисау Президентін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өзі қарсы алды. Хаттамаға сай, көшбасшылар алдымен ресми делегация өкілдерін бір-біріне таныстырды. Артынша Құрмет қарауылы рапорт беріп, екі елдің әнұраны шырқалды.

Айя Мүтәлі, тілші:

Омару Сисоку Эмбало Гвинея-Бисау Республикасын бес жылдан бері басқарып келеді. Президенттікке дейін премьер-министр қызметін атқарған. Қасым-Жомарт Тоқаевпен оны байланыстыратын бір ұқсастық бар. Екеуі де бірнеше тілде еркін сөйлейді. Гвинея-Бисау президенті португал, француз, араб және ағылшын тілдерін жетік меңгерген.

Дипломатиялық қарым-қатынасқа биыл 10 жыл

Мемлекет басшылары салтанатты рәсімнен кейін оңаша және кеңейтілген құрамда кездесті. Елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл 10 жыл. Бүгінде екі тарапты байланыстыратын Біріккен ұлттар ұйымы мен Ислам ынтымақтастық ұйымы бар. Қазақстан бұл құрылымдағы Гвинея-Бисау елінің өкілдерімен байланысты күшейтуге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіз Қазақстанға Гвинея-Бисаудың Президенті ретінде алғаш рет келіп тұрсыз. Мұны тарихи сапар деуге болады. Жоғары деңгейдегі осы кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін.

Гвинея-Бисау – 1973 жылы Португалия отарынан шыққан Батыс Африкадағы шағын мемлекет. Солтүстігінде Синегалмен, шығысы мен оңтүстігінде Гвинеямен шектеседі. Елде шамамен 2 миллион адам тұрады. Экономикасы негізінен кешью жаңғағының экспорты мен балық шаруашылығына тәуелді. Сондай-ақ, ел аумағында мұнай мен бокситтің мол қоры бар. Бірақ бұл табиғи ресурстарды игере алмай отыр.

Транскаспий дәлізі мен Бисау порты арасында байланыс орнауы мүмкін

Бүгін келіссөз барысында қазба байлықтарды бірлесіп барлау мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ, Қазақстан Гвинея-Бисауға дәнді дақылдарды экспорттауға әзір. Ол үшін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының әлеуетін пайдаланбақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануға екі ел де мүдделі. Осы ретте Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий көлік дәлізін ұштастыру жолдарын зерделеуге келістік. Әлемдегі геосаяси ахуал мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ушығып тұрған қазіргі кезде мұның мән-маңызы айрықша.

Тараптар жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылық жөнінде ұстанымы ортақ екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев өзара мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін Гвинея-Бисау жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға шақырды.

Умару Сисоку Эмбало, Гвинея-Бисау президенті:

Елдерімізде табиғи ресурстарды барлау, білім беру салалары мен көмірсутегін экспорттау бойынша ықпалдастықты жандандыруға қажетті механизм бар. Сонымен қатар Сіздермен түрлі халықаралық алаңдарда қарым-қатынас жасап, көп қырлы байланысымызды ілгерілетуге мүдделіміз.

Қазақстан мен Гвинея-Бисау 3 құжатқа қол қойды

Тараптар 3 құжатқа қол қойды. Енді дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелері виза талаптарынан босатылады. Сондай-ақ, цифрлық технологиялар бағытында келісім жасалды. Гвинея-Бисау Қазақстан спутнигін импорттауға қызығушылық танытқан елдердің қатарынан табылуы мүмкін.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбалоның «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясында кездесуі өтеді. Спутниктерді құрастыру кешенін көрсетеміз. Оларға Қазақстанның спутниктерін импорттауды ұсынамыз. Осындай келісімшартқа шығуға тырысамыз.

Омару Сисоку Эмбало Африка елдері арасынан биылдыққа келген жалғыз мәртебелі мейман емес. Сарапшылар алыс құрлықпен байланыс орнату Қазақстанның халықаралық беделіне оң әсер ететінін айтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер соңында Гвинея-Бисау делегациясын келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырды. Бұл Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетімен толық танысуға мүмкіндік беретінін айтты. Ал Гвинея-Бисау Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдарды реформалауға қатысты ұстанымын қолдайтынын жеткізді.

Айя Мүтәлі 

Хабарламаларға жазылу